1993 жылы 15 қарашада елімізде теңге айналымға енгізілген болатын. Ал, 1998 жылдан бастап, 15 қараша кәсіби мереке ретінде «Ұлттық валюта – теңге күні және Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің мерекесі» болып белгіленген еді.
Аптаның сәрсенбісінде аудандық мәдениет үйінде Ұлттық валюта күніне 30 жыл толуына орай мерекелік шара өтті. Алғашқы боп сөз кезегін алған аудан әкімі Ринат Ибрагимов қаржыгерлерді төл мерекелерімен құттықтап, осы салаға еңбегі сіңген мамандарды алғыс хатпен марапаттады. Олар: «Қарлығаш» бөбекжай-балабақшасының бас есепшісі Данагүл Сәрсенғалиева, Мақат кенті әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Айбек Оразов, «Халық Банк» АҚ Мақат бөлімшесінің есепшісі Альбина Есқалиева, О.Сарғұнанов атындағы орта мектептің есепшісі Роза Қасанова және аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс және бақылау бөлімінің бас маманы Альбина Ізімбергенова. Кейін қаржы саласының зейнеткерлеріне аудан әкімінің атынан гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар берілді.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Азамат Шаңғалаев та қаржыгерлерге өзінің атынан жылы лебізін білдіріп, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің есепші маманы Абылай Естай, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің есепшісі Ақгүл Берікқызы, Доссор кенті әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Жанар Бердіғалиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің есепшісі Қапия Тұрсынбаева және аудандық білім бөлімінің бас есепшісінің міндетін атқарушы Нұргүл Сағындықованы алғыс хатпен марапаттады.
Шара аяғына қарай аудан көркемөнерпаздары көрермендерге концерттік бағдарлама ұсынды. Алдымен Доссор өнер мектебінің ансамблі «Мереке» композияциясын орындап, Алтынай Биманова «Қарай көзім», Жасұлан Сисембаев «Ескі ауыл», Раушан Әлиева «Бақыт жайлы ойлама» әндерін шырқады. «Шаттық» би тобы «Қазақ» биін орындағаннан кейін Кенжебике Айтмұханқызы, Гүлнәр Ишанғалиева, Әйгерім Аманғалиқызының халық әндерінен «Попурри» және Жасұлан Сисембаев, Азамат Елубаев, Гүлнәр Ишанғалиеваның «Қазақстан» әнін шырқауларымен шара өз мәресіне жетті.
А.Есжан