Халықаралық жастар күніне орай облыс орталығында ұйымдастырылған жастар апталығының бір шарасы «Atyrau quiz» болды. Бұл жерде қатысушылардың логикасы мен білімі сарапқа салынды.
Алдымен облысымыздың жеті ауданында және Атырау қаласында іріктеу ойындары өткен болатын. Әр ойында үздік үштікке енген командаларға финалдық кезеңге жолдама берілді. Газетіміздің өткен сандарының бірінде жазылғандай, ауданымыздың атынан «Bas Time Maqat», «Кеттік, поехали, let s go» және «Өнерлі жастар» командалары облысқа жолдаманы жеңіп алған еді. Алайда ақтық ойында алғашқы екі командамыз ғана өнер көрсетті.
Облыстық куиз Атырау мұнай және газ университеті аумағындаы «Н. Балғымбаев атындағы даму және коммуникациялар орталығының» конференц-залында оздырылды.
Сайыс күні жиналған 21 команда әдеттегідей 6 тур бойынша сынға түсті. Ойынның қорытындысын айтар сәт келгенде үздік үштікті 32 ұпай жинаған атыраулық «ГАЗ-50» командасы түйіндегені белгілі болды. Ауданымыздың чепиондары «Bas Time Maqat» 34 ұпаймен екінші орын иеленсе, қанжығаларында 37 ұпай болған тағы бір қалалық топ «Питүн» жарыс жеңімпазы атанды. Өкінішке орай, сәттілік серіктері болмаған «Кеттік, поехали, let s go» командасының қыз-жігіттері үшінші орын алғандармен бірдей нәтиже көрсетіп, қосымша көрскеткіштер бойынша ғана төртінші орынға тұрақтап қалды.
Осы орайда айта кететіні, жастар апталығының ашылуы саналған «IQ quest» сайысына «Доссор жастары» командасы қатысып қайтты.
Аталған шараларды ұйымдастырған «Жеті жарғы» қоғамдық қорының төрағасы Абылай Құрметұлы алдағы уақытта облыс жастары арасында тағы да квест және пікірталас ойындары өтетіндігін айтады.
А. Жұмабекұлы