Мақат балалар өнер мектебінің шәкірттері Алматы қаласында «Күн Шуақ kz» коғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен Халықаралық «Самғау» фестиваль-конкурсының жеңімпазы атанды.
Фестиваль-конкурстың мақсаты өнерпаз балалар ұжымдарын дамытуға үлес қосу, оқушылардың рухын көтеріп, шығармашыл жеке тұлға ретінде қалыптастыру, еліне деген махаббатын сахна төріндегі өнері арқылы насихаттау болды.
28 оқушыдан құралған Мақат балалар өнер мектебінің балалар оркестрі Дәулеткерей Мәулекеновтың дирижерлік етуімен жүлделі І орынға ие болды.
Сонымен қатар жеке орындаушыларға арналған аспаптар номинациясы (домбыра-тенор, қобыз-прима, күйсандық) бойынша, төрт түрлі жас ерекшелікпен қатысқан оқушылар жүлделі орындардан көрінді. Атап айтсақ, фортепиано бойынша Кәусар Уахитова және Айкөркем Рахманова ІІ орын, домбыра және қобыз аспабы бойынша Райана Қуаныш, Әсет Сағат, Ахмет Хайруллин, Сәруар Асылбек, Інжу Терекбай гран при жеңіп алса, Даулет Карсакбаев, Жаннэта Смайл І орын, Мадина Исбусинова, Жаннұр Кабдрахман Нұрислам Айтуар Ерназар Кеңес ІІ орын, Аружан Мұханбетқызы ІІІ орын иеленді.
Мақат теміржол вокзалынан мерейлі өнерпаздарды күтіп алған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол Долдашев білім мен өнерді бойына ұштастырған оқушылар мен оларды бәйгеге баптаған жетекшілерін жеңістерімен құттықтап, аудан абыройын Алматы төрінде асқақтатып келгендері үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ мектеп директоры Дәулеткерей Мәулекенов аталмыш байқауға қатысу үшін балаларына сенім артып, қолдау жасағаны үшін ата-аналарға шексіз рахметін айтты.
М.ІЗТҰРҒАНОВА