Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын аудан әкімінің шыршасы биыл «Бақ-ырыс» мейрамханасында өтті.
Аталған шырша мерекесіне аз қамтылған және көпбалалы отбасыларының дарынды да талантты оқушылары қатысты.
Шара басында аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов бүлдіршіндерді келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтап, биылғы жылдың жемісті болғандығын жеткізді. «Баршыңызды жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Ескі жылымыз еліміз үшін мерейлі де белестер жылы болды. Келер жылы да көптеген жетістіктерге жетіп, армандалыңыз орындала берсін! Бүгінгі мерекеде балалардың бақытты жүздері мен шынайы күлкілерін көруден артық ештеңе жоқ. Сіздерге алаңсыз балалық шақ, қуаныш, денсаулық тілеймін!», - деді аудан әкімінің орынбасары Ербол Қонысбайұлы.
Ізгі тілегін жеткізген ол балардың мерекеге дайындаған өнерлерін тамашалап, аудан әкімінің атынан мерекелік сыйлықтар табыс етті.
Көтеріңкі көңіл-күйде өткен кеште ғажайыпқа толы қойылымдар қойылып, мерекелік думанды жандандыра түсті.
Сондай-ақ жаңа жылдың символына айналған аяз ата мен ақшақар балалар үшін арнайы ойындар ұйымдастырып, ойыншықтар мен шамдар ілінген шыршаны айнала жүрді. Шырайлы жүздерінен қуаныш сезілген балғын балақайлар өз өнерлерін ортаға салып, ән шырқап, би биледі.
Мерекелік шара соңында барлық бүлдіршіндерге аудан әкімінің атынан тәттіге толы сыйлықтар үлестірілді.
Ә.ҚАСЫМ