Қазан - қарттарға құрмет көрсету айы. Мереке күні аудан әкімі Шәкір Кейкин қазыналы қариялардың шаңырақтарына арнайы барып құттықтады. Ел игілігі үшін түрлі салада қызмет атқарған қарттарымызды мерекеде ұмыт қалдырмай, сый-сияпат білдірді.
Қариялармен кездесуде аудан басшысы бүгінгі жарқын жетістіктер кешегі аға буынның, қазыналы қарттарымыздың еселі еңбегінің жемісі екенін айтып, жас ұрпақты адал еңбекке жетелеуде ақылы дария қариялардың бағдар болатынын жеткізді. Өз кезегінде ақ жаулықты аналар мен ардагер аталар жергілікті билік өкілдеріне көрсетіліп жатқан құрмет пен қамқорлықтарына ризашылығын білдірді.
«Елеп-ескеріп жүргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Мереке күндері ғана емес, үнемі байланыста екендеріңді білемін. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Әлеуметтік қызметкерлер өз жұмысын сапалы, әрі адал атқарады. Маған үнемі қарайласып тұрады. Азық-түлігімді әкеледі, үй жинап, дәрі-дәрмегімді тасиды. Осы күніме ризамын»,- деді ақ батасын берген 81 жастағы Мария Бекболатова.
Бұл күні өңірге «Сичим» ЖШС-і нен азық-түлікке толы 50 әлеуметтік пакет жеткізілді. Оны денсаулығы мен қарттығына байланысты үйде отырған жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге ауданның ерікті жастары мен әлеуметтік қызметкерлері таратып берді.
Бүгінде ауданда 2541 зейнеткер өмір сүреді. Оның ішінде 166-сы мүгедек болса, 50-і жалғызілікті ардагерлер екен. Бұл мерекелік тарту ел мүддесін бәрінен биік қоятын қарттардың жалғыз емес екендіктерін сезіндіргендей.
«Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сыйлайды» деген халық даналығы қалыптасқан. Сол даналық негізінде жүзеге асқан бұл шаралардың сауабы қаншама?! Міне, қадірлі қарияларымыз мереке қарсаңында назардан тыс қалмай осылайша құрметке бөленді. Ал, олардың өмірі мен ерлігі келер ұрпаққа қашанда үлгі болып қала бермек.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордан