Мақатта коронавирустың алдын алу шаралары күшейтіліп жатыр

(0 Votes)

 Аудан әкімдігінде коронавирустың алдын алу мақсатында жиын өтті.

Жиын барысында індеттің алдын алу мақсатында халық көп шоғырланатын жерлердегі шаралар уақытша тоқтатылатындығы айтылды.  Ағымдағы жылдың 16 наурызы мен 5 сәуірі аралығында мектеп оқушыларына мерзімінен бұрын демалыс жарияланды.

img_9252

Президенттің Жарлығы мен халыққа Үндеуі таныстырылып, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қадағалау басқармасының  басшысы Гаухар Тоғаева сауда және көпшілік тамақтану орындарында атқарылатын карантиндік шаралар туралы түсінік берді.

Сауда нысандары мен базарларда санитарлық қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жұмыс уақыты шектелетіні, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізу туралы айтылды. Сондай-ақ, көпшілік тамақтану орындарында адам санын 50 адамнан асырмау, тойханаларда той, садақаларды өткізулерге тыйым салу туралы ақпарлар жиналғандарға жеткізілді. Нан арнайы қаптамаларда сатылуы, сатушылардың гигиеналық тазалыққа қатаң мән беріп, бетпердемен жұмыс жасауы, қызмет орындарын талапқа сай залалсыздандырып отыруы туралы қарапайым ережелерді ескеруі қажеттігі ескертілді.

img_9271

Жиында көптеген кәсіпкерлер жұмыстарының шектеліп немесе тоқтап тұруына байланысты шағын несиелерін төлеуде қиындықтар туындауы жағдайын алға тартты.

Осы жиында  мектептердегі қызметкерлер күнделікті жұмысын жалғастыра беретіндігін жеткізді білім беру бөлімінің басшысы Алмабек Абдолов. Ал, Мақат мұнай-газ технологиялық  колледж студенттері арнайы қашықтықтан оқыту платформасы арқылы білім алатын болады. Балабақшалар әдеттегідей өз жұмысын жалғастыра беретін болады. Алда келе жатқан «Наурыз» мерекесіне орай ұйымдастырылатын кең көлемдегі шараларға да шектеу қойылды.

img_9285

«Бұл ауру әлемдік эпидемия болып жарияланғандықтан, біз де әлемнің бір бөлшегі ретінде тиісті шараларды жасауымыз керек. «Наурыз» мерекесіне, атаулы күндерге арналған іс-шаралар тоқтатылды. Ел арасында, алып-қашпа әңгімелерді көбейтіп, тексерілмеген оқиғаларды  ойдан шығарып тарату негізсіз. Ол заң жүзінде жауапқа тартылады», — деді Шәкір Кейкинұлы.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің  басшысы Жандарбек Сарбасовтың  айтуынша, мәдени орындарда жоспарланған ірі шаралардың уақыты  кейінге шегерілген. Алайда, мәдениет үйі қызметкерлері дайындық жұмыстарын жалғастыра береді.   Дәрігерлер ауруды болдырмаудың қарапайым қағидаларын сақтау керектігін айтады

img_9287.

«Ауа алмасу, күн сәулесінің жеткілікті түсуі, ылғалды тазарту жұмыстарын жиі жасау, антисептиктер қолдана отырып, тазалық сақтау арқылы сақтануға болады», -дейді мамандар.

Ал, шетелге барып келген азаматтарда қандай да бір күмән болған жағдайда дәрігерге хабарласып, жағдайын жасырмау керектігін айтады. Жиынға қатысқан мамандар қорқудың қажеті жоқ екенін, бұл шектеулер алдын ала сақтық үшін жасалып жатқан шаралар екенін жеткізді.

Өз тілшіміз

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521