Көрісу күнінде ауданның еріктілер тобы ауыл ақсақалдарын аралап, қалыптасып қалған игі дәстүрлердің бірі – көрісу күнімен құттықтап қайтты.
Шараға «Úmit ART» және «Asar» волонтерлар тобының жастары белсенді араласып, күнтізбе де қызылмен белгіленбесе де, мейірімге толы маңызды мерекені өз мәнінде атап өтуге атсалысты. Бұл күні «Úmit ART» волонтерлар тобы Мақат кентіндегі азқамтылған үш отбасыға көрісе барып, әрі азық-түлік толы себеттерді көмекке апарды.
Ал, «Asar» волонтерлар тобы Доссор кентіндегі ардагер ата-әжейлердің үйіне барып қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынып, естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, ұлттық тағамға толы табақты көшедегі кішкентай тұрғындарға да таратып, қуаныш сыйлады.
Қам көңіл қариялардың көңілін көтеріп, олармен шүйіркелесе әңгіме айтқан жастарға үлкендер алғыстарын білдіріп, ақыл-кеңестерін айта отырып, баталарын берді. Балаша қуанған ақсақалдар жастар тарапынан алдағы уақытта осындай шаралар көбейе берсін деген тілектерін жеткізді.
Аудан еріктілері осылайша бұрыннан бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатырған дәстүрді ауданымызда ұмыт қалдырмай, өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыру мақсатында бұл дәстүрді жаңғыртуға үлес қосты.
М.ІЗТҰРҒАНОВА