Мақат аудандық “Nur Otan” партия филиалында - жаңа басшы тағайындалды

(0 Votes)

Бейсенбі күні "Nur Otan" партиясы Атырау облыстық филиалының бірінші орынбасары Н.Ожаевтың бұйрығымен "Nur Otan" партиясы Мақат аудандық филиалы төрағасының бipiнші орынбасары қызметіне Қаржауова Әсел Шайзадақызы тағайындалды.

Алқалы жиында аудан әкімі Шәкір Кейкин жаңа басшыны аудан активіне таныстырып, жастар саясатын жүзеге асыруға қосқан еселі еңбегі үшін алғысын білдірді.

Тындырымды істерімен аудан жұртшылығына, соның ішінде жастар жағына есімі жақсы таныс Әсел Шайзадақызы бүгінгі күнге дейін басқарған аудандық жастар ресурстық орталығында өңір жастарының басын бір ортаға тоғыстырып, оларды әртүрлі бағыттағы шараларға тарта білді.

Жиын барысында Ә.Қаржауованың қысқаша өмірбаяны таныстырылды. Ол 1990 жылы Мақат кентінде дүниеге келген. Білімі – жоғары. 2007-2011 жылдар аралығында Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде білім алып, 2011-2014 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Педагогика және психология» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2011-2017 жылдар аралығында Х.Санбаев атындағы орта мектебінде педагог-психолог болып бастаған. 2015-2016 жылдар аралығында аудандық білім беру бөлімінде әдіскер, 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін Мақат аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы қызметін атқарды. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып, аудандық «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі, аудандық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі, «Қоғамдық кеңес отырысының» хатшысы қызметтерін қоса атқарған.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, «Nur Otan» партиясының хатшысы Ғ.Оспанқұловтың, «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы Төрағасы Н.Ожаевтың, облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған.

Жиын барысында сөз алған Әсел Шайзадақызы өзіне жүктелген зор жауапкершілік пен сенімді ақтайтынын жеткізді. Ал, шараны қорытындылаған аудан басшысы Шәкір Кейкин бірлесе жұмыс атқаратынын жеткізіп, жаңа жұмысына сәттілік тіледі.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT