Ақ халатты абзал жан атанған дәрігер мамандығының иесі болуды армандамаған бозбала мен бойжеткен сирек кездесетін болар. Мұның өзі осы кәсіп иелеріне деген құрметтің ерекшелігін көрсетеді. Олардың қоғамда алатын орны ерекше. Соның бірі, әрі бірегейі, өзінің саналы ғұмырын толығымен медицина саласына арнаған, дертке дауа, жанға шипа беріп, адам өміріне араша болып жүрген жандардың бірі – Айгүл Аймағамбетова мамандығын мақтанышы санайды.
Ол 1974 жылы Атырау облысы, Балықшы ауданы, Алмалы ауылында ұстаздар әулетінде өмірге келген. Әкесі де, анасы да баланың санасына білім нәрін құйған ұстаздар болған.
«Әкем мектеп директоры еді. Ол өзгенің бақытын аялап, өзінің уақытын аямай адал еңбек еткен жан. Бізді де еркеліктен құр алақан қалдырмай көп көңіл бөлді. Мұғалімдер жанұясынан шыққасын тәртіп пен талапты сезіп өстік. Кейін үлкен өмірде қалыптасу үшін сол тәрбиенің септігі көп тиді», - деді Айгүл Ермекқызы.
Кейіпкеріміз алғаш білім баспалдағын 1981 жылы Алмалы орта мектебінде аттаған. Кішкентайынан алғыр, зерек, ешкімнен қорықпайтын батыл да, білімді болып өседі. Оған себеп ол мектепті үздік белгімен аяқтаған.
«Жаңалықтардан дәрігерлер жайлы көрген сайын бала қырандай көзімнен от ұшқындап, талпынысым арта берді. Кішкентай күнімнен осы мамандықтың иесі болу деген арман жүрегімнің түбінде жатты. Бірақ та әке жолын жалғасам деген де ой болған. Десе де әке жолын жалғамай, өзімнің бала күнгі арманым болған дәрігерлік жолды таңдадым. Сөйтіп мектепті аяқтағаннан кейін 1992 жылы арман қуып Ақтөбе қаласындағы Мемлекеттік медицина академиясына педиатрия мамандығына оқуға түстім. Әрине бұл саланың өзіне тән қиыншылықтары да баршылық. Шынайы ниет болмаса, алып жүру де ауыр жүк. Дегенмен дүниедегі ең абзал мамандықтың біреуі осы дәрігерлік сала екені баршаға аян», - дейді кейіпкеріміз.
Иә, адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден-ақ қастерлеп, құрметтейді. Бұл салаға жиырма жеті жыл өмірін арнаған кейіпкеріміз алдына келген науқастан ешқашан көмегін аямайтынын айтады.
«Алғашқы еңбек жолымды 1998 жылы Мақат ауданы, Байшонас елді мекенінде орналасқан дәрігерлік учаскеде педиатр болып бастадым. Шалғай, алыс елді мекендерге де барып, бала дәрігері болып та қызмет атқардым. Кейін 2002 жылы жұмыс орнымды ауыстырып, Мақат аудандық орталық ауруханасына қарасты Мақат емханасында аймақтық бала дәрігері болып еңбек еттім. Қарауымда 1500 оқушысы бар Мұса Баймұханов атындағы орта мектеп оқушылары да болды. Бала деген болашақтың тірегі, олардың өмірі үшін күресу мен үшін ең игі іс болды десем болады», - деді дәрігер Айгүл Аймағамбетова.
Жақсы дәрігер болу үшін үлкен жүрек пен мұқалмас жігер керек. Осы ширек ғасыр ішінде қаншама қиындықпен бетпе-бет келгенін, кездескен түрлі тосқауылдарға қарамай, талай қиындықтың бетін қайырғанын, ажалмен арпалысып өмір үшін күрескенін жеткізді кейіпкеріміз.
«Әлі есімде, бірде мынадай жағдай болды. Екі иінімен дем алып, тыныс жетіспеушілігімен ауыр жағдайдағы науқас бала түсті. Алғашқы көмекті көрсетіп, дереу жедел жәрдем көлігімен Атырау қаласына жеткіздік. Бара жатқан маған әр қадамым толғанысқа толы, бойымды қорқыныш билеп тұрғандай көрінді. Дегенмен басты міндет баланы аман алып қалу болды. Жол бойы жан алысып, жан берісіп, әйтеуір жаратқанның жәрдемімен баланы аман алып қалдық. Сол кездегі қуанғанымды айта алмаймын. Жауапкершілікті сезіну деген содан басталды. Дәрігер болған соң қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Жұмысымда жемісті болдым десем болады. Себебі еңбегімді бағалап, аудандық орталық аурухана басшысының қолынан, аудан әкімінің қолынан түрлі марапаттаулар мен алғыс хаттарды еншіледік. Еңбектің бағаланғанынан артық қандай қуаныш болсын», - дейді майталман маман иесі.
Қазіргі таңда Айгүл Ермекқызы аудандық аурухана директорының емхана ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. Ұжымда сыйлы, еңбекте бағы жанған, көзінен жылулық нұры шашылып тұратын мейірімді дәрігер отбасының да ұйытқысы, бақытты ана, ақ дидарлы әже, көпбалалы жанұя.
«Жолдасым екеуіміз бір қыз, төрт ұл тәрбиелеп өсірдік. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып ата- аналық борышымызды да абыроймен атқарып келеміз. Сүйкімді екі немерем, жиендерім бар. Қарт ата-енемді де балаша мәпелеп бағып, батасын алып отырмын. Өзімнің осы өміріме дән ризамын. Бұл өмірдің ағы мен қарасын қатар басып, кейде шаттанып, кейде шытынап жүрсек те, мен өз таңдауыма еш өкінген емеспін. Ақ халатты абзал жан болу бақытын бұйыртқан өмірге алғыстан басқа айтарым жоқ. Егер маған өмірді қайтадан сүру берілсе, қайтадан осы ізгі жолды таңдар едім», - деді өз мамандығының шынайы иесі.
Әр адам өз өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен алақандарын сезінеді. Мұның бәрін медицина қызметкерлері ғана бере алады. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, үміт оты қайта жанары анық.
«Алда келе жатқан мерекемен барша әріптестерімді құттықтаймын. Бұл күн құрмет пен алғысқа бөленген, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандардың мерекесі. Бұл өмірде денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық. Сондықтан да барлық медицина қызметкерлеріне дендеріне саулық, еңбекте табыс, төзімділік пен күш-қайрат және отбасыларына береке тілейміз», - деген ақжарма тілегін де жеткізді Айгүл Ермекқызы.
Иә, жаныңа дауа, тәніңе шипа берер ем қолданып, жүрек елжіретер сөзімен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, халықтың алғыс-сауабын арқалаған дәрігерлер қашанда мәртебелі жандар. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан тек ісімен ғана емес, жүрегімен емдей білетін Айгүл Ермекқызы сияқты ақ халатты абзал жандарымыз көп болса екен дейміз.
Г.Жұбанышқалиева