БАҚЫТЖАН – бала жанының арашашысы

 БАҚЫТЖАН – бала жанының арашашысы
(0 Votes)

 Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ең алдымен ақ халатты абзал жандардың есігін қағып, сырқатымызға шипа іздейтініміз анық. Ал бауыр еті – балаң шырылдап жыласа ебіл-дебілің шығып, балалар дәрігеріне жүгіретініміз жасырын емес. Осының өзі-ақ дәрігерлердің қоғамға қажетті әрі қастерлі мамандық иелері екенін айқындайды. Дәрігер болу бұл қызығы мен шыжығы қатар келетін қызмет саласы, әрі жауапты маман иесі болып табылады. Әсіресе балалар дәрігеріне деген артылар жауапкершіліктің жүгі тым ауыр. Осы ретте бүгін біз бар ғұмырын бала денсаулығын жақсартуға арнаған аудандық аурухананың балалар дәрігері Бақытжан Мұсағалиева туралы әңгіме өрбітпекпіз.

 Кейіпкеріміз Бақытжан  Дүйсенқызы мұнайлы мекеніміз Мақат кентінде 1974 жылдың шілде айында дүние келген. Жастай­ынан оқу-білімге құштар болған ол Хамза Санбаев атындағы орта мектепті үздік белгімен бітірген.

«Мен он бір баланың кенжесі болдым. Әкем теміржолшы, ал анам наубайханашы болып қызмет атқарды. Олар біздің білікті маман болуымыз үшін аянбай еңбек етіп, тұлға бо­лып қалыптасу жолымызда бар күш-жігерлерін салды. Бүгінде ата-анамыздың бізге артқан сенімінің арқасында барлығымыз өзіміздің таңдаған мамандығымызбен абыройлы қызмет атқарудамыз. Жасыра­тыны жоқ, мен өзгелер секілді дәрігер болуды бала кезден армандаған жоқпын. Мүлдем дәрігер боламын, әсіресе бала­лар дәрігері боламын деген ой болмады. Сол мектеп бітірер шағымда, яғни 1991 жылы жергілікті радиодан тілшілер келіп бізден арнайы сұхбат алды. Сонда мен «Дәрігер бола­мын, осы мамандыққа түсемін!» дедім. Міне, осы сұхбат менің болашақта қай салада еңбек етіп, қандай маман иесі болаты­нымды анықтап берді деп айта аламын»,- дейді ол.

Кейіпкеріміз орта мектепті тәмамдаған соң, 1992-1998 жылдар аралығында Ақтөбе мемлекеттік  медицина академиясының педиатрия факультетінде балалар дәрігері мамандығы бойынша білім алған.

«Мектепті бі т ірген соң Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясында 1992 жылы пе­диатрия факультетіне бала­лар дәрігері мамандығы бой­ынша оқуға түстім. Оқу орнын аяқтаған соң 1998 жылы Аты­рау облыстық балалар ауруха­насында 5 ай көлемінде инте­ратура бойынша е ң б е к еттім. Кейіннен 1999 жылы 5 қаңтарда Мақат аудандық ба­лалар ауруханасына жұмысқа орналастым. Міне, содан бері осы орталық ауруханада бала­лар дәрігері, учаскелік дәрігер, неонатолог болып қызмет етіп келемін. Аудандық аурухана­дан бөлек, 2002-2024 жылдар аралығында аудандық пер­зентханада неонатолог, бала­лар бөлімшесінің меңгерушісі қызметтерін қоса атқардым. Бүгінгі таңда учаскелік бала­лар дәрігері болып жұмыс жа­сап жүрмін. Баламен жұмыс – ол өте жауапты, саласы ауқымды қызмет түрі. Өйткені дәрігерлер сырқаттанған әр балаға мейірім төге қарап, ыждағаттылықпен емдеп, қажет кезінде күн демей, түн демей қызмет орнынан табылу керек. Тіпті кейбір кездері ауруханаға ауыр дәрежедегі науқас түссе, сол баланы ем­деп жазғанға дейін отбасыны да ұмытып кететініміз жасырын емес. Біздің осы қызметімізді түсініп, қолдап отырған жол­дасыма алғысымды айтқым келеді»,- дейді балалар дәрігері.

Міне, осылайша аудандық ау­руханада 26 жылдан бері тап­жылмай қызмет атқарып келе жатқан Бақытжан Дүйсенқызы қарапайымдылығымен бірге адалдығымен, орнықты - мінезімен, еңбексүйгіштігімен көптің құрметіне, елдің алғысына бөленуде. Ол өзінің медицина саласында атқарған өлшеусіз қызметі үшін 2022 жылы Қоғамдық марапат­тар жөніндегі Республикалық Кеңестің бұйрығымен «Ме­дицина саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Одан бөлек ол аудан, об­лыс әкімдері мен бөлім басшыларының алғыс хатына ие болған. Ал 2006 жылы ау­дан бойынша «Жыл дәрігері» атанған.

Иә, дәрігер – өмір сақшысы. Олар қолын кеудесіне қойып, адам өмірі үшін күресуге ант бер­ген арашашы жандар. Осы ретте кейіпкеріміз Бақытжан Дүйсенқызы дәрігер мамандығын таңдаған жас бу­ынды көп ізденуге, білімге ұмтылуға шақырды.

«Жалпы дәрігер болу, ол оңай іс емес. Жоғары оқу орнында алған білім, іс жүзіне келгенде аздық етеді. Сондықтан жа­стар көп оқып, үнемі ізденісте жүрсе деймін. Медицина са­ласы үнемі зерттеуді талап етеді. Әрине ешкім мамандығы бойынша жұмыс жасамай, ол мамандықтың жауапкершілігін түсіне бермейді. Сол үшін оқу бітіріп жұмысқа орналасқан шақта кездесетін келеңсіздіктерге шыдамай, жарты жолдан тастап кетпеу керек. Сол мамандықта оқыдың ба, әрі қарай соны жалғастырып, білікті маман иесі атану қажет. Өйткені бүгінгі білікті ма­ман - ол кешегі тәжірибе арқылы шыңдалған жас ма­ман деп айтар едім. Дәрігер мамандығын таңдаған жан өз ісіне аса жауапкершілікпен қарағаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, дәрігер науқастың денсаулығына жауапты»,- дейді кейіпкер.

Осылайша бала жанының арашасы болып жүрген кейіпкеріміз Бақытжан  Дүйсенқызымен әңгімелесе отырып, дәрігерлердің жабыққан жанның жанына араша түсетін, дерті дендеген кісінің тәніне шипа беретін маман иесі екенін тағы бір мәрте тереңінен ұғындық. Сонысымен ол – қастерлі мамандық иесі! Ендеше ме­реке қарсаңында ұлт саулығы жолында еңбек етіп, ақ хала­тына адал бола білген абзал жан Бақытжан Мұсағалиеваны айтулы мерекемен құттықтап, еңбегіне толағай табыс тіледік.

 

Б.Қасымова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT