Мұнайлы өлкеде мал азығы қымбат әрі тапшы. Дегенмен бұл мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жалпы аудан да шаруашылықтың барлық меншік түрі бойынша 14 мыңнан астам мал бағылуда. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,2 пайызға өскен. Ал осы төрт-түлікті 2023-2024 жылдарға қыстату үшін 9 000 тонна шөп, 485 тонна жем қажет.
Аталған қажеттілікті өтеу мақсатында жергілікті және Қызылқоға ауданының ірі шаруа қожалық иелерімен келіссөз жүргізіліп, мал азығының бағасын өсірмеу үшін маусым айында меморандум жасақталды. Нәтижесінде ірі сабақты мал азығының 1 орамын 7000 теңгеден асырмай сатуға қол қойылды. Ал бір орама шөптің салмағы 300-350 келі аралығын құрайды.
Бүгінде ауданда қысқа әзірлік жұмыстары ойдағыдай атқарылуда. Жылдағы дәстүр бойынша Мақат және Доссор кенттері мен Бәйгетөбе ауылдық округіне қарасты жеке ауладағы төрт-түлік малы бар тұрғындарға қажетті ірі сабақты мал азығын тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылуда. Осы уақытқа дейін ауданға 435 тонна, яғни, 1450 орама шөп тасымалданған.
Сонымен қатар, шаруа қожалық иелері мен кәсіпкерлердің сұранысына орай 89 тонна «Дәулет нан» кебегі алынған.
М.Ізтұрғанова