«Таскешу» керуен сарайына қазба жұмыстары жүргізілді

(0 Votes)

«Таскешу» керуен сарайы еліміздегі құнды археологиялық ескерткіштің бірі. Мұнайлы өлкеге қарасты керуен сарайына Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінің ұйымдастыруымен 29 мамыр және 17 шілде аралығында далалық археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Жалпы бұл ескерткішті алғаш рет 1950 жылы этнограф Сергей Толстов зерттесе, одан кейін еліміздің археология мектебінің негізін қалаушы Әлкей Марғұлан бастаған экспедиция өз қолтаңбасын қалдырған. Ал тәуелсіздік жылдарынан кейінгі керуен сарайын зерттеу жұмыстары соңғы 15 жылдықта басталды. Қазба жұмысын алғаш рет облыстық тарих және археология орталығы 2008-2009-2010 жылдар аралығында үш кезеңде жүргізген. Одан кейінгі зерттеу жұмысы облыстық тарихи өлкетану музейімен 2012-2013 жылдары іске асса, сегіз жылдан кейінгі үзілістен соң қазба жұмыстары 2021 жылы қайта қолға алынған болатын. Міне, зерттеу жұмыстары биыл да жалғасын тауып құнды жәдігерлер табылды.

Елу күнге созылған қазба жұмыстарының нәтижесінде археологшылар отызға жуық құнды жәдігерлерді тапқан. Мәселен, Өзбек хан мен Әз-Жәнібек ханның мөрі басылған күміс тиындар, керамикалық ыдыс фрагменттері, шығыр бөліктеры, әртүрлі іздер қалған Алтын Ордалық стандартты кірпіш тастарды тапқан.

Сондай-ақ, республикаға белгілі археолог, орта ғасырлық қалаларды зерттеуші маман, археология Phd докторы Мұрат Қалменов жетекшілік еткен зерттеу жұмыстары нәтижесінде керуен сарайдың қақпа бөлігі және шығыс, солтүстік бөлігінде орналасқан сарай бөлмелері толықтай ашылып, жалпы көлемі 750 шаршы метр жер аумағынан топырақ шығарылған.

Ұлы археолог Әлкей Марғұланның ізін қуған зерттеушілер тарихи ескерткішті тек туризмнің дамушы құралы деп қана емес қазақ мемлекетінің түп тамыры Алтын Орданы тағы бір қырынан тануымызға жол ашпақ. Әзірге мұнда келесі маусымға дейін реставрация жұмыстары жүргізіледі. Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхамбетқали Кипиев алдағы уақытта тарихи орынды туристік мақсатта пайдалану жоспарлануда екенін айтады.

«Алдағы уақытта кереуен сарайын зерттеу жұмыстары жалғасын табады. Себебі әлі толықтай зерттеліп біткен жоқ. Жалпы бұл керуен сарайды сақтап қалу үшін, яғни, ғылыми-реставрациялық жұмыстар жасау үшін құжаттамасын дайындайтын боламыз. Себебі болашақта ескерткішті туристік мақсатта пайдалану үшін көздеп отырмыз. Биылғы мақсатымыз өз нәтижесімен орындалды деп айтуға болады. Енді сақтап қалу үшін биыл консервация жұмыстары жасалады», - дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхамбетқали Кипиев.

М.Ізтұрғанова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT