Қазақстан халқы тілдері күнінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы Гүлім Сайынова мен Доссор мәдениет үйінің әдістемешісі Гүлжан Бисханованың еңбектері ескерілді. Гүлім Абзалқызына облыс әкімі Серік Шәпкеновтің ал, Гүлжан Маратжанқызына облыстық мәслихат хатшысы Әлібек Нәутиевтің аттарынан өңірдегі мемлекеттік тіл саясатының дамуына қосқан үлестері үшін алғыс хаттар берілді.
Олар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Исполовпен бірге Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс алаңында Қазақстан халқы тілдері аясында өткен фестивальге арнайы шақыртылған еді. Сонымен қатар, марапат иелеріне арнайы төселген қызыл кілемнің үстімен жүріп өту құрметі көрсетілді.
«Туған тілдің абыройын асқақтату – әрбір адамзаттың абзал борышы. Мен үшін бұл күн– Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің ана тіліне құрмет көрсететін ортақ мейрам. Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесі қарсаңында облыс көлемінде аталып өтілген фестивальде өңірдің мемлекеттік тіл саясатына дамуына үлес қосқан елеулі үлесім үшін марапатқа ие болу — мен үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі және келешек қоғамымызда тіліміздің жанашыры болар азаматтарымыз көп болсын. Ұрпаққа қалдырар тіл мұрасы мол болсын», - дейді Гүлжан Бисаханова.
А. Есжан