Мақаттан Қостанайға көмек жөнелтілді

(0 Votes)

Қазақ «от пен су - тілсіз жау» деп бекер айтпаған. Аяқ астынан келген апат барша қазақ жұртын Әулиекөл жаққа елең еткізіп қойды. Барған жан тамсанбай қайтпайтын қасиетті Қостанайдың табиғаты отқа оранды. Ел басына күн туғанда «әйтеуір менің отбасым аман» деп ат-тонымызды ала қашқан халық емеспіз. Керісінше, ықылым заманнан бері ауызбіршілігімізді көрсетіп, қайғыға ұшырағандарға шұғыл түрде қолдан келгенше көмек беретін «жылу жинау» деген жақсы дәстүріміз бар. Орын алған жағдай заман өзгерсе де пейіліміз тарылмағандығын дәлелдеп берді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек Қостанайға ағылды.

Бірлігіміз сыналар сәтте ауданның кәсіпкерлері мен тұрғындары да қалыс қалмады. Өрт өршіген бойда-ақ «АMANAT» партиясының жергілікті филиалы әлеуметтік желілер арқылы үй-күйсіз қалған жұртшылыққа көмек жіберу басталғаны туралы хабарлама таратты. Жексенбі күні құрылған штаб гуманитарлық көмек қабылдайтын пункт ашып, жылу жинау жүріп жатқаны жөнінде кәсіпкерлер мен атқамінерлерге ескертті. Осы орайда аудандық мәслихат депутаттары Қ.Исмагулов, Ә.Идиятов, М.Ізтұрғанова және партия филиалының қызметкерлері мен аудан әкімідігі, аудандық кәсіпкерлер паласы, «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері көмекке өз үлестерін қосса, «Арзан» дүкенінің иесі Ғ.Амиров киім-кешекпен, Мақат кентінің жеке кәсіпкерлері А.Есенгужина, Қ.Нысанбаева, С.Қуанышев, Б.Ешимбетова, З.Ембергенова азық-түлікпен, ал Г.Биманов шаруашылық тауарларымен қол ұшын созды.

38b6bca2-94e2-430d-994a-85811a93c1ef

«Көмек заттары жиналғаннан кейін доссорлықтар да жылу жинап жатыр деген хабарламаны көріп, аудан бойынша барлығын қосып бір жіберуді жөн санадық. Діттеген жерге жеткізу жағын доссорлық жүк автокөлігін жүргізуші Ақан Байдошев өз мойнына алды», - дейді «АMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әсел Қаржауова.

Көп біріксе кез-келген қиындықтан өту оңай болады. Жомарт жандар мен үкіметтің ендігі міндеті асарлатып тілсіз жаудан зардап шеккен ел-жұртты күнделікті өміріне қайтару.

 

А.Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521