Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың ауданға сапары Мақат-Доссор тас жолының оң жақ бетінде салынып жатқан жел электр стансасынан басталды. Бұл жерде әрқайысының қуаты 2 мегаватт болатын 24 диірмен желден энергия өндіретін болады. Трубиналардың жалпы биіктігі 106 метр болса, қаңғалақтарының ұзындығы 43 метр. Құрылыс алаңында турбиналар қондырылып, монтаждау жұмыстары жүруде. Алайда ауа-райының қолайсыздығына байланысты, жұмыс қарқыны бәсеңдеп тұр.
Мердігер мекеме «Дивитэл» ЖШС-нің өкілі Рустам Әлібековтың айтуынша 48 мегаваттық жел электр стансасы ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі.
«Қазіргі уақытта мұнараларды монтаждау жұмыстары жүруде. Бүгінде қаңғалақтарсыз 15 мұнара тұрғыздық және 9-ы екі секциядан қойылды. Әрбір мұнараны құрастыруға шамамен 5 күн, ал қаңғалақтарды орнатуға тағы 5 күн кетеді. Ауа-райының қолайсыздығы мен індетке байланысты біздің жұмысымыз баяулап қалды. Бірақ жоспарға сәйкес аяқтауға тырысамыз. Қыркүйек айында іске қосылады деп жоспарлап отырмыз»,- деді ол.
Сапарын одан әрі Мақат кентінде жалғастырған Дүйсенбай Нұрбайұлы 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Мұндағы құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу, қазір сыртқы инженерлік желілер тартылуда. Сондай-ақ, екінші 60 пәтерлік үйдің құрылысы да басталып, жұмыс жалғасуда.
Аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы дәл осындай екі үйдің жобасы дайын тұрғанын және қаржыландыруға қаражат сұрап жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, Доссор кентінде де НСОС компаниясының демеушілігімен биыл мамыр айында бір көппәтерлі үйдің құрылысы басталатынын тілге тиек етті.
«Ескене» елді мекенінің тұсындағы «Қашаған» кен орнынан шыққан газды өңдеуге арналған зауыт құрылысына және пайдалануға берілгеннен кейін жергілікті тұрғындар жұмысқа алынады». Кезінде қоғамдық тыңдау кезінде зауыт өкілдері жергілікті депуттарға осылай деп уәде бергенмен, оны қазір орындамай отыр. Осы мәселені аудандық мәслихат депутаты Әділбек Идиятов "GPC Investment" ЖШС өкілдерімен өткен кездесуде Дүйсенбай Тұрғановқа айтып шешуге ықпал етуді сұрады.
Өз кезегінде жоба өкілдері сөздерінде тұратындықтарын аудан көлемінде өткен бос жұмыс орындар жәрмеңесіне мердігер мекеме "Qazaq Жер-Құрлыс" ЖШС-і қатысып, жергілікті тұрғындарының түйіндемелерін қабылдағанын айтты. Сондай-ақ, қазір құрылыс алаңына дәнекерлеуші, турбамонтаждаушы, монолитчик мамандары жетіспейтінін жеткізді.
Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов бұл мәселені өз бақылауына алатынын және аталмыш сауалды Энергетика министрлігіне қадағалауға жолдайтынын айтты. Айта кетейік, қуаттылығы жылына 1 млрд болатын газды кешен қондырғысын салу құрылысы 2023 жылдың аяғында аяқталады деп күтілуде. 2024 жылы жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін шамамен 600 адам тұрақты жұмысқа тартылмақ.
Депутат одан әрі Мақат локоматив пайдалану депосында «Мақат стансасы» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында Дүйсенбай Нұрбайұлы «Атырау-Доссор» тас жолы 4 жолаққа дейін кеңейтілетінін айтты. Реконструкция жұмыстары 2023 жылы аяқталып, жоба 2025 жылы нақты іске асатынын жеткізді. Сондай-ақ, «Атырау-Ақтөбе» тас жолының құрылысы биыл түгел аяқталып, толықтай іске қосылатынын тілге тиек етті. Республикалық маңызы бар асфальттардың жаңалығын аудан әкімі Шәкір Кейкин аудандағы жұмыстармен жалғастырды.
«2019 жылдан бері 20 шақырымға жақын Бәйгетөбе ауылдық округі мен Мақат кентінде жол құрылыстары жүруде. Мүлде асфальт болмаған көшелерге де жол төселді. Сондай-ақ, 7 шақырамға дейін жаяу жүргіншілер жолы іске асты. Вокзал алаңына үлкен автотұрақ салып, жолаушылар мен жүргізушілерді қуанттық. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын тауып, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен 24 шақырым жоба жасақталып жатыр. Оған облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы биыл қаражат бөліп, қолдайтынын айтқан болатын. Сол жоба биыл басталатын болса жалпы Мақат кенті 100 пайызға жуық асфальт жолымен қамтылатын болады»,- деп түйендеді аудан басшысы.
Теміржолшылар өз кезегінде, зейнеткерлікке шығу жасын қысқарту және азық-түлік қымбатшылығы секілді мәселелерді қозғады. Мәжіліс депутаты ұсыныс-пікірлерді тыңдап, олардың проблемаларының шешілуі үшін күш салатынын және өз бақылауында ұстайтынын айтты.
Дүйсенбай Нұрбайұлының ауданға сапары тұрғындарды жеке қабылдауымен қорытындыланды. Халық қалаулысының қабылдауына арнайы жазылған 5 тұрғын ауқымды компаниялардың ауданға демеушілік жасауын арттыру, көпқабатты үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауданның экологиясын жақсарту үшін тұзды сорларды көму, сақтандыру қорындағы қаржысын мерзімінен бұрын алуға жәрдемдесу секілді өтініштерін білдірді.
Тұрғындардың мұң-мұқтаждарын мұқият тыңдаған мәжілісмен Дүйсенбай Тұрғанов аудан әкімі мен тиісті бөлім басшыларына барлық өтінішті аяқсыз қалдырмауды тапсырды.
Мөлдір Ізтұрғанова,
Суреттер автордікі