Былтырғы жылдың аяғында дзюдодан өткен облыстық чемпионатта жеңімпаз және жүлдегер атанған жерлестіріміз республика біріншілігіне жолдама алған болатын.
Атап айтар болсақ, наурыз айының 1-6 күндері Ақтау қаласында болатын 2002-2003 жылдары туған жастар арасындағы ел чемпионатында Әділ Умаров пен Махамбет Рахмет атты балуандарымыз өнер көрсетеді.
Ал 20-25 наурыз күндері Нұрсұлтан қаласында өтетін 2005-2006 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында бақ сынайтындардың қатарында аудан спортшыларынан Жарқынбек Мейрамбекұлы, Еркенұр Шонай, Нұрбек Зауза және Ернар Ізімберген бар.
Олардың бесеуі Ерлан Шынтасовтан тәлім алып жүрген Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті болса, Ернар Доссор балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Азамат Бигалиевтің қол астында жаттығады.
«Облыстың беткеұстар жас дзюдошылары 14-27 ақпан күндері аралығында Атырау қаласында оқу жаттығу жиындарын өткізуде. Бұл жарыс алдындағы соңғы үлкен дайындық. Бұрын алтын не күміс күтемін деп нақты айта алатын едім, биыл ондай болжам жасағым кеп тұрған жоқ. Себебі карантиннің кесірінен байрақты бәсекелер жиі өтпей кетті. Бірақ үкілеген үмітім ақталар деген ойым да жоқ емес», - дейді талай чемпионды тәрбиелеген мақаттық бапкер.
Біз де сайдың тасындай іріктелген балуандарымызға жеңіс тілеп, Ақтау мен Нұрсұлтан шаһарларынан жағымды жаңалық күтетін боламыз.
А. Есжан