Мұнайшылар берген баспана

(0 Votes)

Жомарттық – адамның бойындағы ең ізгі де асыл қасиеттердің бірі.

Ата-бабаларымыз кейінгі ұрпаққа жомарттықты насихаттап, сараңдықтан бойды аулақ ұстауға шақырған көптеген мақал-мәтелдер қалдырып кетуі тегіннен тегін емес. Мысалы, «Бай болсаң, халыққа пайдаң тисін, бай болып пайдаң тимесе, жұрттан алабөтен үйің күйсін!» деген шешендерден қалған сөздің өзі осыны айқындап тұр. Қасиетті ислам дінінде де Алла жолында жұмсалған қаражаттың бізге кері қайтарылатынын ескерте отырып, жомарт болуымыз жайында кеңес береді. «Адамдарға әр таңда екі періште келеді. Біреуі: «Аллам, мүлкін қайырымдылық үшін жұмсаған мына пендеңе, берілген мүлкіңнің жаңасынан бер» – дейді. Екіншісі де: «Аллам, мүлкінде сараң болып, бермей қалған мына пендеңнің мүлкін берекетсіздендір» – делінген Бұқари мен Мүсілім риуаят етілген хадисте.

Қазақта «көрші ақысы - тәңір ақысы» деуі де мұсылмандық міндеттермен ұштасып жатыр.   Көршің аш отырғанда, тойып ас ішіп, оған қараспауың күнә болып саналады. Әнәс ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жанындағы көршісі аш бола тұра, өзі тоқ адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды» (Әл-Барраз) – деген.

Ауданымыздың атқамінерлері де кең пейілдік танытып, берекелі істерімен мұқтаж жандарға баспана сыйлау дәстүрін жалғастырып келеді. Осындай бір көптен жоспарда жүрген игі іс сейсенбі күні орындалды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Доссор мұнайының 110 жылдығына орай және Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті күні қарсаңында «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы ұжымының қолдауымен ауданымыздың екі кентіндегі екі жанұя баспаналы болды.

Алғаш болып Доссор кентінде Солдатбай Тұқырбаевқа баспана кілтін табыстау кезінде алғы сөз «Доссормұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы Серік Абдиевке берілді. Келесі құттықтау сөзді Доссор кентінің әкімі Болат Ермеков сөйледі.  «Доссормұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы салтанатты түрде баспана кілтін табыстағаннан кейін үй иесі демеушілерге рахметін айтып, кент ардагері  Дінғали Дәулетбаев жиналғандарға бата берді.

whatsapp-image-2021-12-02-at-14_55_41

Мақат кентінде қоныс тойын тойлаған жалғызбасты, 3 баланың анасы – Гүлсім Нұрышқызы. Ол осыдан біраз уақыт бұрын «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қабылдауына барып баспанаға мұқтаж екендігін айтқан. Осы өтініш иесінің мәселесін тыңдап толыққанды зерделеген аудандық мәслиахат депутаты Серік Әбдиев бұл отбасыға қуаныш сыйлауды ұйғарып, өз ұжымын қамқорлыққа зәру отбасыға қол ұшын созуға шақырады. Қашан да қайырымдылықтан құр қалмайтын мұнайшылар бұл бастаманы бірауыздан қолдай кетеді. Қолдаудың арқасында Гүлсім Нұрышқызының өзі таңдаған 2 бөлмелі пәтер сыйға тартылды.

Салтанатты рәсімнің басталуында «Доссормұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы Серік Әбдиев пен Мақат кентінің әкімі Ербол Ермағанбетов құттықтау сөздерін сөйлеп, басқарма басшысы жаңа қонысқа кірушіге үйдің кілтін тапсырды.

Баспанаға кіргеннен кейін жұртшылық қазақы дәстүр бойынша ақ ауыз тиді. Үй иесін жақсылық жасағандарға алғысын, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов батасын беруімен салтанатты шара мәресіне жетті.

Елдің көмегінің арқасында әлі талай басында баспанасы жоқ отбасы қуанышқа кенеледі деген үміт бар.

     А. Байшуақ 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT