Қарашаның 26-сы күні Мақат ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Мақат аудандық тарихи-өлкетану мұражайында Манап Ғалимұлы мен Зеріп Сүлейменоваға арналған «Жүректе мәңгі есімдерің» атты танымдық көрме салтанатты түрде ашылды.
Манап Ғалимұлы Қазақ КСР-інің мәдениет қайраткері, Қазақ КСР-інің халық ағарту ісінің озық қызметкері, сазгер, термеші. 1938 жылы Исатай ауданында дүниеге келген. 1956-1961 Орал қаласындағы педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті және тарих мамандығы бойынша бітіріп шыққаннан кейін жолдамамен Доссор кентіне келеді. 1961-1965 жылдары аталған елді-мекендегі қазіргі Б. Қанатбаев артындағы мектепте және С. Шарипов атындағы мектеп-интернатында мұғалім болып еңбек етеді. Кейін жұмыс бабымен сол кездегі Ембі ауданына ауысады. Ол жақта аудандық әдіскерлік кабинетте, аудандық атқару комитетінде қызмет қылып, аудандық мәдениет бөлімінде басшы және өмірінің соңына дейін аудандық кеңестің іс басқарушысы болады. 1985 жылы Алматы қаласында өткен республикалық терме сайысында өнер көрсетіп, 1986 жылы Ембі аудандық оркестрін басқарады. Манап Ғалимұлы адал еңбегінің арқасында көптеген марапаттар мен медальдарға ие болды.
Зеріп Сүлейменова 1940 жылы Есбол ауданында туған. 1961 жылы Гурьев педагогикалық институтында физика-математика мұғалімі мамандығын алып шыққан соң Доссор кентіндегі мектеп-интернатта еңбек жолын бастайды. Сол жылдары Манап Ғалимұлы екеуі танысып отау құрады. Кейін жанұя жағдайына байланысты қазіргі Жылыой ауданына қоныс аударып, Құлсары, Сарықамыс, Қаратон ауылдарындағы мектептерде еңбек атқарады. «Құрмет грамотасы», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Еңбек ардагері» сынды марапат-атақтарды иемденді.
Шара Доссор мәдениет үйінің жанындағы «Мөлдір мұнай» ансамблі күй орындап болған соң, Манап Ғалимұлы мен Зеріп Қарабалақызының өмірлерінен сыр шерткен бейнеролик көрумен басталды. Одан кейін алғашқы боп сөз алған аудан әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалаев: «Санаулы ғана ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге, ағарту істеріне және ұлттық құндылығын дәріптеуге арнап көптеген еңбек сіңіргенін көріп жатырмыз. Бұл кісілердің қазіргі таңда еліміздің ағарту және өнер салаларына үлес қосып жүрген шәкірттері бар екенін білеміз. Қолданған заттарын музей қабырғасына әкеліп тұрған ұрпақтарына рахмет. «Жүректе мәңгі есімдерің» деп бүгінгі кештің аты айтып тұрғандай, ата-анаңыздың есімдері кейінгі ұрпаққа да жетсін әкеліп тұрсыздар. Музейге келген заттар мемлекеттің қолдауында болады, яғни тарихта мәңгі қалады деп есептейміз. Бүгінгі ашылғалы тұрған танымал тұлғалардың бұрышымен құттықтаймын!», - деп ата-анасынан қалған жәдігерлерді музейге тапсырған Нұрсипат Манапұлына аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Келесі болып ортаға шақырылған Манап Ғалимұлының әріптесі Орынай Есетова: «Біз Манаппен сол кездегі В.Г.Белинский атындағы орта мектепте қатар қызмет еттік. Ол домбыра тартатын және әртістік қабілеті бар сегіз қырлы жігіт еді. Шашын қайырған ұзын бойлы жігіт болғасын оған ер балалар еліктейтін. Ал қыз балалардың сабақ үлгерімі төмендесе «мына қызбен сөйлесші» деп маған айтатын. Сол жылдары ауылдағы жас мамандар мәдениет үйінде жиі концерт қоятын. Бір спектакльде Манап Қозы Көрпеш болып, Зеріп Баян Сұлу болып ойнағаны бар. 2015 жылы бір оқушымның тойында Зеріпті көргенім, соңғы көргенім екен. Ұлы мен немересін көріп екеуін көргендей болып тұрмын. Достарымыз бір аунап жатқан шығар», - деп естеліктерімен бөлісті.
«Бүгін бір керемет тарихи-мәдени шараның куәсі боп тұрмыз. Ауылымыздың ардагерлері және әкімдік пен мәдениет қызметкерлері осы жерге жиналыпты. Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», - деп айтады. Манаппен танысуыма даңқты күйші Рысбай Ғабдиевпен ағалы-інідей байланысым себеп болды. Ол Рысбай ағай барда қолына домбыра алмайтын. Жыршы, термешілік қасиеттерін кейін білдім. Екеуі де күйшілік өнерлері нағашы жұртынан дарыған кісілер еді. Манаптың нағашысы Насихат Сүгірұлы деген ақын. Сонымен қатар туған жері талай дүлдүлдің кіндік қаны тамған Нарын құмдары болғасын ондай адам қалай дарынды болмасын?! Зеріп апамыз да өз алдына талант иесі. Мен 1975 жылы Доссорға келгенде халық театры бар екен. Бүгінгі әңгімемізге арқау боп тұрған жандар да спектакльде бірге ойнап, Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова сияқты өнердің арқасында табысқандар. Манап ағайдың анасын көріп қалу да бұйырды. Қазір міне, арттарынан керемет ұрпақ өрбіп келе жатыр екен. Әке мен шешені еске алып Құлсары мұражайында бұрыш ашқаннан кейін Доссордан да бұрыш ашып жатырғандарың құтты болсын! Жәдігерлер көзімізге оттай басылуда. Өнер адамдары мәңгі ұмытылмай жүректе қалсын!», - деді келесі боп көтерілген Манап Ғалимұлының әріптес інісі Естай Ғинаятов.
Ал Манап Ғалимұлының қарындасы Зәуреш Қалмұханова: «Ағамыз бен жеңгемізді еске алып жатырғандарыңызға баршаңызға рахмет.Нұрсипат інімздің бастамасына қолдау танытқан жергілікті басшылыққа да алғысымыз шексіз. Аға-жеңгем Доссор топырағына аяқ басқалы жарты ғасырдан артық уақыт өтіпті. Олар үшін Доссордың алар орны ерекше. Себебі осы жерде еңбек жолдарын бастады, осы жерде екеуі қосылды, тұңғыштары дүниеге келді. Сонымен қатар үлгілі ұстаз болып арттарында жақсы аттары қалғандығын бүгінгі жиында естіп отырмын. Аға-жеңгемнің отбасы да өнегелі отбасы. Барлығы жоғары білім алып, еңбек еткен жерлерінде абыройлы болды. Олар Құлсарыда еңбек тәжірибелерін жалғастырғанда да айналаға үлгілі бола білді. Біздің жас кезімізде ақылшыларымыз ретінде дұрыс жолға бағыт беріп жіберетін. Ағамның ән салып отырған кештерін жиі еске аламын. Ұрпағының дені сау болсын!», - деді.
«Өкінішке орай атам мен әжемді көре алмадым. Олардың барлық еңбектерін білемін, ол үшін де мақтан тұтамын. Артында із қалсын деп шара ұйымдастырып жатырған әкем Нұрсипат Манапұлына және Доссор кенті мен Мақат ауданы әкімдіктеріне алғыс білдіремін», - деп Манап Ғалимұлы мен Зеріп Сүлейменованың немерелері Мәдина Манапова да сөйлеп кетті.
Шараның ресми бөлігі біткеннен кейін Мақат аудандық тарихи-өлкетану мұражайының экскурсоводы жиналғандарды Манап Ғалимұлы мен Зеріп Сүлейменованың өмір жолдары жазылған және суреттері, қаламдары, марапаттары мен домбырасы қойылған стендімен таныстырды.
Жергілікті әншілер Қуаныш Берденнің «Біздің елдің жігіттері», Данияр Еримовтың «Әке», Ербұлан Бөрібаевтың «Ана» әндері көрермендерді бір сергітіп, айтылып жатырған естеліктермен үйлесе кетті.
Нұрсипат Манапұлы кеш соңында қолдау танытқандар мен келгендерге алығысын айтып, әке-шешесіне арнаған «Жүректе мәңгі есімдерің» кітабын және спортта арнап жазылған «Әр толқыны өнеге, өмір-өзен» атты кітабы мен өзі жасаған қолөнер заттарын музейге табыстады.
А. Есжан