Әдетте 1 маусым күні аудан көлемінде мерекеге арналған ауқымды іс-шара ұйымдастырылатын. Балалар шеруге шығып, өз өнерлерін сахна төрінде паш ететін. Биыл бұл мереке карантин уақытына тап келді. Өзге де мерекелер атап өтілмеген секілді, бұл күнді де мерекелеуге тосқауыл қойылды.
Десе де аудандық білім беру бөлімі бұл күні балаларды құттықтауды ұмыт қалдырмады. Мерекеге орай безендірілген автобус және көліктер Мақат және Доссор кенті көшелерінің бойымен жүріп өтті. Дауыс ұлғайтқыш құралы арқылы мерекелік лебіздер айтылып, кішкентай тұрғындардың көңілін көтерді. Көптен бері мерекелік думан көрмеген бұған үлкендер де балаша қуанды.
Әртүрлі мультфильм кейіпкерлерінің киімін киген жастар, көлік ішінде жанды дауыста ән шырқаған жас өнерпаздар мерекенің сәнін келтірді.
Сондай-ақ, жолда кездескен балақайларға балмұздақтар таратылды. Бастапқыда абдырап қалған тұрғындар, кейін осы көңілді шараға араласып кетті.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Cуреттер автордікі