Кітапханадағы кеш тағылымға толы болды.

(0 Votes)

№2 аудандық балалар кітапханасында"Еліміздің еркіндігі - Тәуелсіздік"  атты кеш өтті.

Жас ұрпақтың бойына ел мен жеріне деген ұлтжандылықты қалыптастыруда "Желтоқсан" көтерілісі секілді, жалпы тарих беттеріне алтын әріппен жазылған елеулі оқиғаларды кеңінен сипаттайтын шаралардың тигізер септігі мол. №1  Аудандық орталық кітапхана мен №6 Мақат кітапханасының ұйымдастыруымен өткен аталмыш кештің де көздегені осындай ізгі дүниелер екенін шара барысынан айқын аңғардық. Тақылдаған таңдайларынан тәуелсіздік туралы отты өлеңдер төккен оқырман оқушылар бір минуттық үнсіз тағызым кезінде ғана тынышталды.

img_2621

Кеудені кернеген қуанышты өлең қылып өретін ақындардың туындыларын өз нақышында оқыған олар, жиылғандардың көзін сүйсінтіп, көңілін жадыратты. Кеште сонымен қатар тоқсан бірінші жылдан бері қарай тізбектелген ел өміріндегі айтулы оқиғалар бейне ролик түрінде көрсетіліп, өткеніміз өз арамызда тағы бір түгенделгендей болды. Әсерге толы сәттер әрі қарай желтоқсан оқиғасының куәгері Гүлнара Қабиеваның әңгімесімен жалғасты.

img_2594

Алаңға шыққандарды аяусыз қорлаған залымдардың зомбылығын өз көзімен көрген куәгер апамыз, ендігі жерде тек жақсылық болсын деп түйіндеді сөзін. Бардың бағасына жету үшін басымызға сынақ келгенін күтудің қажеті қанша. Өң мен түстей болған алай-дүлей дүрбелең бейқам жүрген сол кездегі студент қыздың жүрегін қозғамай қойсын ба? Суық күндер Гүлнара апамыздың саулығына ғана сызат түсірмеді, артынан жоғары жақтан жұмыс орнына  "бұл желтоқсаншы" деген хабар да берілді.

img_2632

Сілтідей тындырған апамыздың әңгімесінен кейін, Беркінғали Дамира "Атамекен"  әнімен жиылғандарды бір серпілтіп алды. Шара соңында ұйымдастырушылар тарапынан оқушыларға алғыс хаттар табысталып, естелікке кітаптар сыйланды.


А.САДЫКОВ
Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT