Жастар ресурстық орталығы аудан әкімдігінің қолдауымен білікті де білімді, талапты та талантты сайдың тасындай іріктелген сайыпқыран жастардың басын бір арнаға тоғыстырған "Мұнайлы мекеннің мақтаныштары-2019" атты жастар сыйлығы байқауын ұйымдастырды.Биылғы жылдың жастарға тигізген әсері ұшан теңіз. Жалпы ағымдағы жылдың "Жастар" жылы деп жариялануының өзі мемлекетіміздің оларға жасап отырған үлкен қамқорлығы. Осы орайда мұнайлы мекенімізде де бірнеше ауыз толтырып айтарлық істер абыроймен атқарылып, көңілімізге қуаныш ұялатқаны жасырын емес. Ал бұл шара - сол жарқын істердің жалғасы іспетті көрінді.
Салтанатты шараға жиылғандар алдымен ағымдағы жылы аудандық жастар ресурсының атқарған жұмысымен танысуға лед экранға көз салды. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Мұратұлы алғы сөзін арнап, табысқа толы болған ағымдағы жылдың үздіктерін биік белестерден көріне беруіне тілектестік білдірді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халеновте аталмыш шараға оң бағасын беріп, жастармен қашанда тығыз байланыста екенін алға тартты.
Бірінен-бірі асып тұрған өз кәсібінің озықтарын анықтауға алдын ала комиссия құрылып, мен-мен деген мықтыларымыз бен ең-ең деген еңселі жастарымызды саралап, сұрыптаған болатын.
"Үздік жас мұнайшы" номинациясы бойынша мұнайшы мамандығымен ұрпақтар сабақтастығын жалғап жүрген Жолдыбаев Наурызбек марапатталды.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан мұнайлы мекеніміздің «Үздік жас теміржолшысы» деп Оразова Нәзира танылды.
«Үздік жас педагог» аталымымен Нұрнияз Сәрсенбай ортаға шықырылды.
"Үздік жас журналист" номинациясы бойынша әріптесіміз, облыстық атырау телеарнасының мақат ауданындағы меншікті тілшісі Мөлдір Ізтұрғанова марапатталды.
«Үздік жас әлеуметтік саланың қызметкері» деген атақты Бағытов Айбол иеленді.
«Үздік жас спортшы» деген атаққа Әбілхайыр Ұлықбек лайықталды.
«Үздік жас мемлекеттік қызметкер» номинациясымен Сагиндикова Анар марапатталды.
«Үздік жас полиция қызметкері» болып Серикбаева Камшат танылды.
Биылғы жылдың «Үздік жас мәдениет қызметкері» атағын аудандық мәдениет үйінің қызметкері Мұханбетжанов Бекзат алды.
«Үздік белсенді жас» аталымымен Құлмұханов Парасат ортаға шақырылды.
«Үздік жас отбасы» деп Доссорлық Еримовтар отбасы танылды.
«Үздік жас өнер мектебінің қызметкері» номинациясымен Доспаев Абылай марапатталды.
«Үздік жас дәрігер» деген атақты Сартаев Ержан иеленді.
Шараның басты қонақтарының бірі, «БАХТИЯР» командасы «Жыл жаңалығы» номинациясымен марапатталды. Бұл жігіттердің басты жаңалығы биыл облыс намысын Алматыда қорғап, жүлделерімен бір отбасыны жаңа пәтерге қауыштырды.
Ал, үздіктердің үздігі болып кеше ғана Азия чемпионы атанған Галиев Әбіл "Жыл үздігі" деген абыройлы атаққа қол жеткізді. Әбіл - ағымдағы жылдың өзінде толағай табыстардың бірнешеуін еншілеп, ел мерейін үстем еткен бейбіт күннің батыры.
Кеш қонақтарының ішінде ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген Серікболсын, Дінмұхамбет секілді мақтаныштарымыздан бөлек хит әндерімен тмдға танымал болып үлгерген жерлесіміз Аманат және өзгеде жалынды жастар болды. Шара соңында жастарға жанашырлық танытып жүрген бір топ алдыңғы буын өкілдеріне аудан әкімінің алғыс хаты табысталып, бөлім басшылары мен үздік деп танылған ұл-қыздарымыз бірер ауыз жылы лебіздерін білдірді.
А.САДЫКОВ
суреттер автордікі