Халық ұнатқан инспектор

(0 Votes)

Антына адал полицей  өз қызметіне ешқашан немқұрайлы қарамайды. Қазіргі таңда қызметінің қыр-сырын жетік меңгеріп, адамдық болмысымен аянбай еңбек етіп жүрген мамандар аз емес. Қылмыспен күрес жолында полицияның әр бөлімшесінің өзіне тән қызметі мен міндеттері бар. Оның ішінде қызмет көрсету аумағында құқықтық тәртіп пен тыныштықтың сақталуына сүбелі еңбегін қосатын учаскелік полиция инспекторларының еңбегі ерекше.

Мерейлі мереке қарсаңында тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген  аудандық  полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны - Нүркен Әділханұлы туралы сөз қозғамақпыз. Өз қызметіне адал берілген Нүркеннің ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүргеніне қазіргі таңда 17 жыл уақыт болыпты.

Нүркен Жұбаев 1983 жылдың көктемінде Исатай ауданы, Тұщықұдық селосында дүниеге келген.

Бала күнінен заң саласында қызмет атқаруды армандаған ол мектеп бітіргеннен кейін, екі жыл әскери оқу орнына оқуға түсуге талпынғанымен, жолы болмайды. Кейін Отан алдындағы борышын өтеуге Жамбыл облысына аттанады. Екі жыл міндетін атқарғаннан кейін 2004 жылы ауылға оралады. Әскерден келгеннен кейін осы жылы Исатай аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының полицейі болып ең алғаш еңбек жолын бастайды. Еңбек ете жүріп, өз әріптестеріне сыйлы, беделді қызметкер атанады. Еңбек пен оқуды қатар алып жүрген ол 2007 жылы Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң академиясына оқуға түсіп, 2011 жылы заңгер мамандығын алып шығады.  Содан бастап Забурн селосына учаскелік полиция инспекторы болып тағайындалып, 2013 жылға дейін адал қызмет атқарды.

Кейін екі жыл үзілістен кейін 2015 жылы Мақат аудандық  полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік инспекторының көмекшісі болып жұмысқа орналасады. 2018 жылы жинаған білімі мен біліктілігі нәтижесінде облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен учаскелік полиция инспекторы болып тағайындалады.

Тәулік бойы дайын болу, құқықбұзушылықтың алдын алып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл – полицейлерге қойылатын басты талап. Нүркен Жұбаевтың қарамағында Мақат кентіне қарасты С.Әлиев, С.Мұқашева, А.Жұмашева көшесіндегі тұрғын үйлер бар.

«Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және болдырмау - біздің басты міндетіміз. Әрбір тапсырма мен жұмысты уақытында аяқтауға тырысамын. Бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырмай орындау – менің өмірлік қағидаларымның бірі. Ал әрбір қолын созған жанға көмек көрсету - тәртіп сақшысының парызы. Өзіме қарасты аумақ бойынша ахуал тұрақты»,- дейді Нүркен.

Нүркен Жұбаев - отбасында жұбайы екеуі төрт бала тәрбиелеп отырған үлгі тұтар әке. Оның ішкі істер органындағы қажырлы еңбегінің арқасында осы уақыт аралығында үлгілі тәртібі мен қызметі үшін марапаттарға да ие болған. Ал, 2019 жылы ауданның үздік полицейі атанған.

Қазіргі таңда Нүркен Жұбаев жастарға жол сілтеп жүр. Былтыр жұмысқа орналасқан көмекшісі Наурызбек Борашевқа қызметтің қыр-сырын үйретуден бір тынған емес.

 «Ер – еңбегімен ең­селі» деп бе­кер айтпаса керек. Ендеше, осын­­дай еңсесі биік аза­мат­тары­мыз аман болып, еліне ең­бегі сіңсін деп тілек біл­дір­еміз.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Сурет автордікі   

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT