ХАЛЫҚ МҮДДЕСІ БӘРІНЕН БИІК!

ХАЛЫҚ МҮДДЕСІ БӘРІНЕН БИІК!
(0 Votes)

 Мемлекеттік қызметші болу – бұл үлкен жауапкершілік. Өйткені олар халық пен билік арасын байланыстырушы  буын болып табылады. Ауданымызда дәл осы мәртебелі міндетті мойнына жүктеп, ел игілігі жолында аянбай тер төгіп жүрген мемлекеттік қызметкерлер қатары аз емес. Солардың бірі біздің кезекті кейіпкеріміз – Жангүл Сүгірова.

 Кейіпкеріміз 1979 жылы Қызылқоға ауданы, Сағыз аулында көп балалы отбасында дүниеге келген. Білім ордасын 1994 жылы Кенбай орта мектебінен 9 сыныпты тәмамдап, одан әрі 1994-1996 жылдар аралығында Ж.Досмұхамбетов атындағы техникалық лицейінде 10-11 сыныпты жалғастырған. Аталған оқу орнын аяқтаған соң кейіпкеріміз 1997 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің биология факультетіне оқуға түскен.

«Мен бала күнімнен биология, химия пәндеріне жақын болдым. Әсіресе зерттеу жұмыстарын жүргізгенді ұнататынмын. Зертханада жұмыс жасасам деген арманым болды. Оқушы шағымда детективтік жанрындағы кітаптарды көп оқыдым. Тіпті іздеп жүріп оқитынмын. Алайда жоғары оқу орнын аяқтаған соң еңбек жолымды мемлекеттік қызметке ар¬науды жөн санадым. Жалпы менің мемлекеттік қызметке келуіме сол кездегі аудан әкімі аппаратының басшысы Жанат Адайханқызы және өзімнің ағам себепкер болған еді. Одан бөлек, еңбек жолымда алғашқы тәлімгерім деп өзінің көп жылғы тәжірибесімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп, кәсіби қалыптасуыма ықпалын тигізген Күнімай Ақсисенқызын айтар едім. Осы азаматтарға алғысым шексіз»-, дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде мемлекеттік қызметте 20 жылға жуық уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз Жангүл Сүгірова мемлекеттік қызмет – бұл халықпен тікелей жұмыс екенін айтады.

«Мемлекеттік қызмет – бұл халықпен тығыз байланысты жұмыс болса, мемлекеттік қызметші болу елдің дамуына өз үлесіңді қосу және әрбір ісің арқылы қоғамға пайда келтіру деп білемін. Бүгінгі күнге дейін аудан әкімі аппаратының бас маманы, «Мақат – су арнасы» мекемесінде кадр жөніндегі инспектор, «Ақпараттық жүйе және техно¬логиялар орталығы» мекемесінде компьютер оқытушысы лауазым¬дарында еңбек еттім. Қазіргі таңда Мақат кенті әкімі аппаратының бас маманы болып қызмет атқарып келемін. Негізгі міндетім ішкі саясат және мәдениет са¬ласы бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға жәрдемдесу, кент аумағындағы көрнекі ақпарат құралдарының құжаттарын әзірлеп, орналастыру жұмыстарын жүргізу бо¬лып табылады. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білімі терең әрі оны тәжірибеде қолдана білу қажет. Өйткені оларға жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Тәжірибе жинақтау, үйрену, іздену – бұл кәсіби маманның көрсеткіші. Жалпы әр саланың өз маңызы, артылар жүгі, міндеті бар. Салмағын сараптап, жауапкершілікті сезіне білген қызметкер үшін істің ауыры болмайды деп санаймын. Мемлекеттік қызметші өзгелерге өзінің ісімен, әділдігімен, қарапайымдылығымен, сабырлылығымен, шыншылдығымен, отансүйгіштігімен үлгі болуы қажет. Өзімнен кейінгі мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуді таңдаған жас мамандарға кәсіби білімдеріңізді арттырудан жалықпаңыздар деп айтар едім. Өйткені мемлекеттік қызмет тұрақты дамуды қажет етеді»,- дейді Жангүл Жанұзақызы.

Қызметпен қатар, отбасылық өмірді қатар ала білген кейіпкеріміз 2009 жылы Мэлс Мұратұлына тұрмысқа шыққан. Бүгінде бақытты некеден төрт ұлды дүниеге әкелген.

Иә, мемлекет мүддесі жолында атқарылған адал қызмет ешқашан ескерусіз қалмайтыны анық. Осы ретте кейіпкеріміз мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі үшін 2024 жылы «Мақат ауданына 100 жыл» төсбелгісімен және аудан әкімнің алғыс хатымен марапатталған.

Қорыта айтқанда, мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның кез келген саласының дамуы – бірінші ке¬зекте мемлекеттік қызметкердің еңбегіне тікелей байланысты болмақ. Кейіпкеріміз Жангүл Жанұзаққызының да басты ұстанымы осы – халыққа адал қызмет ету. Өйткені елге қызмет – мәртебелі міндет!

Б.Асхатқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT