Аудан прокуратурасы ағымдағы жылы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау бағытында атқарған жұмыстарын таныстыру бойынша жергілікті кәсіпкерлермен интернет-конференция өткізді.
Конференцияға онлайн режимде Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Гүлназ Едігеева, Мақат кентінің әкімі Ербол Ермағамбетов, аудандық құрылысы бөлімінің басшысы Болатбек Сәрсен, аудандық жер қатынастары сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Данияр Төкешов, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Темірбек Іңірбай, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Альбина Ізбергенова және маманы Марта Ірғалиева, аудандық орталық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Рысгүл Тайшекенова қатысты.
Шара барысында аудан прокуроры Нариман Ешманов кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша атқарған жұмыстарын баяндады.
Аудан прокуратурасында жүргізілген талдау нәтижелерімен үш заңдылық бұзушылықты жою туралы ұсыну және бір наразылық енгізілген. Прокурорлық актілердің қаралуымен бес лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, бір әкімшілік қаулы бұзылып, үш кәсіпкердің құқықтары қорғалған.
Атап айтқанда, аудандағы үш орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына жобалау сметалық құжаттамасын жасақтауға 2019 жылы тамыз айында ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізіліп, жұмыстың аяқталуына байланысты 2021 жылдың ақпан айында мердігерлерден құжаттар қабылданып алынған. Осыған қарамастан, үш мердігерге жасалған жұмыстары үшін қаралған қаражаттың 10%, яғни 2 293 960 теңгесі негізсіз аударылмай, кәсіпкерлердің құқықтарын өрескел бұзылуына жол бергені анықталды.
Аудан прокуратурасымен енгізілген прокурорлық акті негізінде құқық бұзушылыққа жол берген жауапты үш қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, бір мердігерге 1 252 500 теңге қаражат аударылды, қалған мердігерлерге 1 041 460 теңге берешек қаражатты аудару мақсатында шаралар жүргізілуде.
Бұдан бөлек, биылғы жылдың маусым айында аудандық төтенше жағдайлар бөліміне үй маңындағы қора өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен.
Аталған хабарлама негізінде өрт ауыздықталып, қораға жүргізілген тоқ көздері Қазақстан Республикасының «Өрт қауіпсіздігі қағидаларының» талаптары сақталмағаны үшін шаруа қожалықтың төрағасына, яғни жеке кәсіпкерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық қаулысы толтырылып, ескерту түріндегі жаза берілген.
Алайда, аталған қораның жері кәсіпкерлік мақсатта берілмегені, ал шаруа қожалығына берілген жер учаскесі Қызылқоға ауданында тіркелгені анықталды.
Аудан прокуратурасымен енгізілген наразылық негізінде, аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен жеке кәсіпкерге қатысты толтырылған әкімшілік құқық бұзушылық қаулысы бұзылып, кәсіпкердің конституциялық құқықтары қорғалып, заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан басқа, мониторинг барысында аудандық полиция бөлімі көші-қон заңнамаларын сақтауына арнайы тіркеусіз кәсіпкерлік субъектісіне заңсыз тексеру жүргізілгені анықталды.Прокурорлық қадағалау актісі негізінде заң бұзушылық жойылып, бір лауызымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, интернет-конференция барысында қатысушылар сұрақ-жауаппен алмасты. Бұл үрдіс ай сайын жалғасын таппақ. Өйткені аталмыш жұмыстар мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілердің тығыз қарым қатынаста жұмыс жасауына және дер кезінде көкейтесті мәселелерді шешуге өз ықпалын тигізеді.
Жергілікті атқарушы және бақылаушы органдардың тарапынан заң бұзушылық орын алған жағдайда аудан прокуратурасының ғимаратына келіп өтініш беруге немесе 3-00-72, 8 778 529 24 39 байланыс телефондары арқылы хабарлама қалдыруға болады. Сондай-ақ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалына хабарлау сұралады.
Аудан прокуратурасы