Мақаттық жас футболшылар қатарынан жоғары нәтижелерді көрсетті. Алдымен 2010-2011 жылдары туған өрендер Түркістан облысы Таукент кентінде өткен халықаралық турнирге қатысып келді. Барлығы 12 команда бағын сынаған байрақты бәсекеде көршілес Қырғызстан Республикасының футзалшылары да сынға түсті.
Жерлестеріміз топтық кезеңде көршілес Жылыой ауданындағы Майкөмген ауылының командасынан 5:0 және Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы қатарластарынан 3:0 есептерімен басым болды. Кейін ширек финалда Түркістан облысындағы «Степной» командасын 4:1, жартылай финалда жергілікті құраманы 9:1 есебімен ойсырата жеңді. Ал ақтық ойында шымкенттік «Арманспен» ойынның негізгі минутында 2:2 есебімен тең түсіп, пенальтиден есе жіберіп алғандықтан күміс жүлдегер атанды. Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің намысын қорғаған Нұрдәулет Түрікпен турнирдың «Үздік қақпашысы» аталымына ие болды.
Інілерінің жеңісті жолын 2006-2007 жылдары туған жасөспірімдер жалғады. Олар Атырау қаласында 6 команда арасында өткен жарыста қарсыластарынан оқ бойы озық болды. Барлығы бір-бірімен кездесіп шыққан додада біздің жігіттер 4 жеңіс және 1 тең ойын нәтижесін көрсетіп 15 ұпайдың 13-ін жинады. Нақтырақ айтсақ, «Отаралы», «Элита», «Көктем», «Құрманғазы» командаларын сәйкесінше 10-2, 13-0, 6-3 және 3:1 есептерімен тізе бүктіріп, тек қақпаларына 4 гол салып, 4 гол жіберген «Бүркіт» командасымен ғана ұпай бөлісті. Нәтижесінде чемпиондық атақты өздерімен бірге ала кетті. Команданың шабуылшысы Досымжан Нұрболұлы «Үздік сұрмерген» деген атаққа ие болды.
Жас футзалшыларымыздың жеңіс төрінен көрінуі Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары Ержан Шарафиев пен Әнуар Теңдібайдың еңбегі екендігін айта кеткен жөн.
А.Жұмабекұлы