Жақында «AMANAT» партиясының аудандық филиалында “Кедергісіз келешек” партиялық жобасы аясында білім беру ұйымдарында мүмкіндігі шектеулі оқушылардың кедергісіз білім алуы үшін жасалынған жағдайы және инклюзивтік білім берумен қамтылуы бойынша отырыс өтті.
Жалпы, аудан бойынша білім алатын 6088 оқушының 25-і үйден оқитын оқушылар қатарында болса, инклюзивті біліммен қамтылған оқушы саны - 82. Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарда психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиясының қорытындысымен ерекше білімді қажет ететін 33 бүлдіршін тәрбиеленуде.
Жиын барысында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қоғамдық орындарға кедергісіз енуді қамтамасыз ететін материалдық-техникалық жағдайлар жасалып, дене және психикалық дамуында ауытқушылығы бар балаларға жалпы білім беру мекемелерде «кедергісіз аумақтар» (пандус, арнайы жабдықталған оқитын орындар, оңалту, медициналық құрал-жадбықтар) жасақталғандығы және инклюзивті қажет ететін оқушыларға барлығы 250 мұғалім сабақ беретіндігі айтылды.
Сондай-ақ, жиын соңында ата-аналар жаңа оқу жылында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында дефектолог және логопед мамандары қажет деген ұсынысын айтты.
Б.Асхатқызы