Игі істің иесі

(0 Votes)

Бүгінгі заманның сөзсіз қаһармандарына айналған әр құтқарушының тағдыры қыл үстіне байланған. Кешегі дүйім жұртты дүрліктірген Жамбыл облысындағы жарылыс өрт сөндіруші болудың қаншалықты қиын екенін бедерлеп берді. Қапияда көз жұмған қырағы сарбаздарымыз тек ең батыл және ең ержүрек адамдар ғана құтқарушы мамандығын таңдай алатынына айқын дәлел болды.

Тұрғындарымызды қиын жағдайлардан құтқару үшін өз өмірлерін қатерге тігіп жүрген қадірлі мамандықтың иесі біздің айналамызда да бар. Солардыңң бірі - аудандық №8-ші өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Хасанов Махамбет Мұратұлы.
Махамбет мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ әсери адам болуды мақсат тұтып, өрт сөндіруші болуды көздейді. 2007 жылы мектеп бітіре салысымен Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына аттанады. "Әскерге аттанғандағы бір ойым осы өрт сөндіру бөліміне кіру болды. Әскери билетімді қолыма алғаннан кейін 2008-ші жылы жүргізуші болып орналасып, 2016 жылы бөлімше командирі лауазымына ауыстым. Содан бері осы лауазымда қызмет атқарып келемін",- дейді кейіпкеріміз.


Батырдың атын алған Махамбет жүріс тұрысынан-ақ атына заты сай ісіне тиянақты, жаужүрек жігіт екені көрініп тұр. Адамдардың өмірі мен мүлкін құтқарар сәтте мүлтіксіз қызмет етіп маңызды шешімдерді жылдам қабылдай білу қырағы жауынгердің бойынан табылатын ерекше қасиет. "Осыдан 2-3 жылы бұрын кентімізде ірі өрт оқиғасы тіркелді. Ауысым кезегінде тұрған кезім еді. Бізге тек "бір үй жанып жатыр" деген дабыл түскен. Жедел жетсек, бір үймен қоса аулада тағы екі бірдей көлік жанып жатыр екен. Сәл кешіксек, жапсарлас тұрған жаңа пәтер де қызыл жалынның құшағына енгелі тұр. Біздің негізгі мақсатымыз - жанып үлгермеген үйді аман алып алып қалу. Біріміз көліктерге, біріміз үйге бөлініп әйтеуір аман алып қалдық. Демімізді ішке алып, бөлімшеге енді жете бергенде, екінші дабыл қоңырауы келіп түсті. Бұл жолы монша жанып жатыр екен. Жүгіріп жүргенде, оның да өрті өшті ау...",- деп бір ғана мысалдан үзінді келтірді Махамбет.


Жанкештілік танытуды талап ететін мамандықтың бұл түрі бір сәт босаңсуды кешірмейді. "Осындай ауыр жұмыс күндерінен кейін үйімізге оралғанда бойымызды ерекше бір қуаныш сезімі кернейді. Бір адамға болса да пайдамыз тисе, мойнымыздан жүк түскендей жеңілдеп қаламыз. Менің айтып отырғаным бір ғана мысал, ал әріптестерімнің көріп жүргені қаншама. Біз тек өрт сөндіруге ғана бармаймыз ғой. Мәселен, жол көлік оқиғасына түсіп, ауыр жарақат алған, адамға қарап тұруға дәті бармайтын оқиғалар болады. Сол сәттерде өзімізді алдын ала іштей дайындап, "жанымызды шүберекке түйіп" барамыз дейді",-ол.
Мектеп бітіре салысымен жоғарғы оқу орнына түсуге қанша талпынғанымен, сәті түсе қоймайды. Десе де талапшыл ұл дегеніне жетпей қоймады. Ол 2008-ші жылы Көкшетау қаласындағы қазіргі М.Габдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына қабылданды. Бүгінде бесінші курста білімін жетілдіріп жатқан Махамбет Алла амандығын берсе, оқуын тәмамдап, лейтенант шенініне ілікпек. Айнұр атты арумен шаңырақ көтерген жауынгеріміздің Аян, Аякөз, Іңкәр, Еркемай атты сүйкімді ұл-қыздры бар екен. Тұрғындарымызды төтенше жағдайлардан өздерін қауіпсіз сезінуге мүмкіндік сыйлап жүрген игі істің иесіне тек толағай табыстар тілейміз!

А.САДЫҚОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT