БАСТАМА НӘТИЖЕСІМЕН ҚҰНДЫ

(0 Votes)

«Nur Otan» партиясы – еліміздегі жетекші саяси күш. Партия әзірлеген 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды тұғырнама – бүгінгі күннің күрделі ахуалына қатысты объективті көзқарас. Құжатта азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру бойынша барынша ойластырылған шаралар қамтылған.
Аталған Жол картасында тұрғындарды толғандыратын әлеуметтік қамтамасыз ету, білім, денсаулық, тұрғын үй, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту секілді мәселелерге басымдық берілген.
Аудан бойынша «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалысын бақылау мақсатында 8 қоғамдық кеңес құрылып, 20 отырыс өткізіліп, 35-тен астам мәселе қаралды.
Кеңес отырыстарында партияның «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Құтты мекен» жобаларын іске асыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, кәсіпкерлікті дамыту, «Жастар-Отанға!» бағдарламасының орындалысы, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалысы, сондай-ақ, тұрғын үй, жұмысқа орналасу және денсаулық сақтау, ауыл шаруашылық салалары бойынша мәселелері талқыланды.
Бес жылдық бағдарлама 7 бөлімнен, 86 іс-шарадан тұратын болса, олардың 62-сінің орындалуы биылғы жылға жоспарланған. Ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша осы іс-шаралардың 41,86%-ы орындалса, 30,23% орындалу үстінде. Жалпы осы мерзім ішінде орындалмау қаупі бар іс-шара жоқ.
Бағдарламаның «Тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етеміз» басымдылығы бойынша биыл ауданда 1160 адамды жұмыспен қамту мәселесі жоспарланған болса, бүгінде 1687 тұрғын жұмысқа орналасып отыр.
«Ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз» басымдылығы бойынша баға өсімін болдырмау мақсатында жыл сайын кемінде кемінде 10 кәсіпкерлік нысандарымен меморандумдар жасақтау көзделген болса, осы уақыт аралығында аудандағы негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша ауданның 8 ірі кәсіпкерлерімен меморандум жасақталды. 2021 жылдың жоспарымен салыстырғанда 80 пайызды құрап отыр.
Өңірлік жол картасының «Кәсіпкерлерді қолдаймыз» басымдылығы бойынша да ауданда атқарлып жатырған жұмыстар жетерлік. Мәселен, "Бизнестің жол картасы 2025" бизнесті дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша 2 жобаға (сауда қызметін кеңейту, қонақ үй қызметін ұйымдастыру) 37 млн 450 мың теңге субсидия берілді. Сондай-ақ, "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған" бағдарламасы бойынша 7 жобаға 34,5 млн теңге несиемен қамтамасыз етілді. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін биыл 2 жобаға қайтарымсыз грант беру жоспарға енгізілгенімен 3 жоба грант ұтты.
«Экологиялық жағдайды жақсартамыз» басымдылығы бойынша биыл ауданға 500 ағаш егілу керек болса, биыл артығымен 945 ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді.
«Медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырамыз» бөлімі бойынша биылғы жоспар бойынша 1 маманның тапшылығын шешу болғанымен, жоспар артығымен орындалып, ауданға 4 жас маман (тәжірибелі дәрігер, эпидемиолог, бала дәрігері) келді.
«Тең мүмкіндіктерді жасаймыз» бағыты бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға 42 жеке көмекші, 157 гигеналық құралдар, 18 кресло-коляскамен қамтамасыз етілді. Жоспар толығымен артық орындалып отыр.
Бағдарламаның «Жаппай спортты дамыту үшін жағдай жасаймыз» басымдылығы бойынша Мақат кентінде спорттық кроссфит кешені биыл пайдалануға берілмек. Көп салалы спорт кешенінің құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған болатын, мердігер мекеме «Гамма-С» ЖШС.
«Халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартамыз» басымдылығы бойынша биыл Мақат кентінен 3 қатарлы алпыс пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталмақ. 90 млн теңге қаражат бөлінген құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталды. Сондай-ақ, Доссор кентіндегі саябақ аллеяның қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. 60 млн теңге бөлінген құрылыс жұмыстары бүгінде 90%-ға орындалды.
«Көлік логистикасы мен жолдардың сапасын жақсартамыз» бөлім бойынша Мақат кенті мен Бәйгетөбе ауылында 14,9 шақырым кентішілік автокөлік және 3,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары биыл аяқталады деп күтілуде.
Жалпы әр бағыт, әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындысы Қоғамдық кеңес отырыстарында қаралып тұрады.
Жол картасы – Партияның бағдарламасын іске асыру бойынша Үкіметтің алдағы 5 жылға арналған нақты іс-қимыл жоспары. Барлық шараны сапалы іске асыру халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

 

Ә.ҚАРЖАУОВА,

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT