Мұнайлы өлкемізде кезінде елдің дамуына үлес қосқан, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған қазыналы қарияларға ерекше қамқорлық көрсетіліп келеді.
Биыл да бұл игі дәстүр жалғасын тауып, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында қадірлі еңбек ардагерлері ескерусіз қалмады. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В.» компаниясы Атырау филиалының демеушілігімен аға ұрпаққа құрмет көрсетіліп, қайырымдылық жасалды.
Аудандағы өзгенің көмегіне мұқтаж елу жалғызілікті қарттарға «Болашақ» сауда үйінің он мың теңгелік сертификаты табыс етілді. Сертификатты аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлжанар Тілесқызы қарттарға өзі апарып табыстап, жылы лебізін білдірді. Ал қоғамның жылуын сезінген қарттар риясыз көңілмен разылықтарын білдірді.
Өз тілшіміз