Бүгін, 15 сәуір күні Доссор кентінде «Мекенім – жасыл орманым» атты республикалық акция бастау алды. Акцияны салатанатты түрде ашқан аудан әкімі Ринат Ибрагимов игі бастамаға қатысып, атсалушыларға алғысын жеткізді.
Экологиялық шара аясында Доссор мәдениет үйінің саябағына 300 түп көшет егілді. Акцияға мемлекеттік қызметшілер, мәдениет үйі ұжымы, ардагерлер және қоғамдық жұмысшылар атсалысты. Немерелерін ерте келген ардагерлер табиғатты аялаудың үлгісін көрсетті.
Жалпы сәуір айының соңына дейін кенттің Ә.Мантаев, Қ.Сейітов, О.Шаримов көшелеріне 886 түп айлант, үйеңкі, қараағаш көшеттері отырғызылады. Сондай-ақ, былтыр егілген ағаштардың арасында бой көтере алмай тұрғандары да алмастырылатын болады.
Биыл да кент ішін гүлмен көмкеру жұмыстары жылдағыдай жоспарлы жүзеге асады. Ғ.Сүлейменов және Ш.Еркешов көшелеріндегі көгалдандыру аймақтары мен 97 жылжымалы құмыраларға 2500 түп шырайгүл, 100 түп барқытгүл және 200 түп нокаут раушаны егілмек.
«Талдарды малдар бүлдірмеуі үшін арнайы дайындалып, темір шарбақпен қоршалған орындарға егетін боламыз. Сонымен қатар, кентте тазалық жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Қордаланған қоқыстарды алу үшін «Ақтау +НШ» ЖШС мекемесі мен «Доссормұнайгаз» МГӨ басқармасының камаз және тиегіш техникалары жұмылдырылып, тазалық жұмыстары жүріп жатыр»,- деді Доссор кенті әкімі Болат Ермеков.
Айта кетейік, тазалық айлығына байланысты ауданда әр аптаның жұмасы сенбілік күні болып белгіленген. Сондай-ақ, аудан елді-мекендерінің санитарлық жай-күйі және көріктендірілуі бойынша байқау жарияланған болатын. Байқау қорытындысында «Таза аула», «Үлгілі көп қабатты тұрғын үй», «Үлгілі қоғамдық ғимарат» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталатын болады.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
Суреттер автордікі