Өткен аптада Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінде аудандық ата-аналар қоғамдық кеңесі және аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Өнегелі отбасынан – үлгілі ұрпақ өседі» тақырыбында аудандық ата-аналар конференциясы өткізілді.
Конференция жұмысының мақсаты – отбасы институты мен отбасыда тәрбие берудегі әке рөлін нығайту, рухани дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды қайта жаңғырту, сақтау және ата-ананың білім беру ұйымдарымен бірлескен жұмыстарын жандандыру, этнопедагогиканың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын насихаттау болды.
Аталмыш шараға білім бөлімінің мамандары, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының басшылары, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтер, психологтар, тәлімгерлер, педагог-ұйымдастырушылар, ардагер ұстаздар, Ата-аналар кеңесінің және Әкелер мен Аналар кеңесінің төрағалары мен төрайымдары, мүшелері қатысты.
Конференцияның негізгі жұмыс бөлімі басталмас бұрын қатысушылар арнайы дайындалған көрмені және Р.Ғабдиев атындағы балалар өнер мектебінің балалар ансамблі өнерін тамашалады.
ҚР Мемлекеттік Әнұранымен конференция ашылғаннан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол Долдашев алғы сөз алып, білім саласындағы жаңалықтар мен атқарылған жұмыстарға тоқталды. Одан кейін сөз кезегін алған аудандық ата-аналар қоғамдық кеңесінің төрайымы Гүлшат Жанасова жыл бойы атқарылған жұмысқа тоқталып, осы аралық ішінде бірлесе қызмет еткен әр мектептегі ата-аналар комитетіне алғысын білдіре отырып, төрайымдық қызметін тапсыратындығын жеткізді.
Сонымен қатар «Ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі» тақырыбымен ардагер ұстаз, «Білім беру ісінің үздігі» және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері, ауданның құрметті азаматы Руза Үмбетова бала тәрбиесінде ата-аналардың ескере бермейтін қателіктері туралы сөз етті.
Одан әрі «Ата – ананың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі отбасын сақтап қалу» тақырыбымен М.Баймұханов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Марияш Сатимова мектеп пен ата-ана бірлесіп бала тәрбиесімен тығыз байланыста жұмыс жасау керектігін айтып өтті.
Конференция барысында Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің психологі Нұржауған Бекенова ата-аналарға балалардың мектеп өміріне бой үйретуі жалпы бала тәрбиесі мәселелеріне қатысты бейнеролик арқылы ақпараттар ұсынып, тренинг ұйымдастырды. Одан соң сөз кезегін алған аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Данияр Зедляев қазіргі таңда ата-аналар баланың өмір қауіпсіздігін бейжай қарамай, басты назарда ұстауын қаперге салды.
Конференцияның жарыс сөз кезегінде тұщымды ой-пікірлерін айтқан ардагер ұстаздар Алмара Қадырғалиева, Жақсылық Алтыбаев және Естай Ғинаятов қазіргі заманда кездесетін отбасылық кикілжіңдерге тоқталып, қай заманда болмасын адамзат баласының алдында тұратын ұлы мақсат мұраттарының ең бастысы – өзінің өмірін, тәжірбиесін жалғыстыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу керектігін айтып өтті.
Конференция қорытындысында аудандық ата-аналар қоғамдық кеңесінің жаңа төрағасын қайта сайлау туралы ұсыныс айтылып, осы уақытқа дейін ата-аналар қоғамдық кеңесінің төрайымы қызметін атқарған Гүлшат Жанасованы аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол Долдашев алғыс хатпен марапаттап, гүл шоқтарын ұсынды. Ал, қоғамдық кеңестің төрағасы болып М.Баймұханов атындағы орта мектебінің ата-анасы Әділбек Нұрманов сайланды. Шара соңы «Әке туралы» әнмен қорытындыланды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА