Доссордағы мектеп-интернаты жаңа оқу жылын 480 оқушымен бастады

(0 Votes)

Ауданымыздағы басқа 8 мектеппен қатар Доссор кентіндегі С.Шарипов атындағы мектеп-интернатында да бүгін алғашқы қоңырау соғылды. 1-қыркүйек білім күніне арналған мерекелік бағдарлама «Мектебім – мейірім мекені!» деп аталды. 

Алдымен ортаға 1 сынып оқушылары мен олардың сынып жетекшілері шақырылды. Мектеп табалдырығын жаңадан аттап жатырған бүлдіршіндерге көп жылғы еңбек өтілдері бар Оразбике Қайырғалиқызы мен Зәмзәгүл Бағытжанқызы сабақ беретін болады. Жоғары сынып оқушылары Мемлекеттік Туымызды әкелгеннен кейін барша жиналғандар үшін ҚР Гимны орындалды.

Салтанатты шараға құрметті қонақ ретінде Доссор кенті әкімінің уақытша міндетін атқарушы Гүлмира Рахимова, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет әдіскері Дулат Тастаев, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Еркін Ермағамбетов және С.Шарипов атындағы мектеп-интернатының директоры Бақытгүл Тиышбаева қатысты. Алғашқы сөз кезегі Бақытгүл Әділбекқызына беріліп: «Сіздерге жаңа оқу жылында жақсы жетістіктерге жетіп, тек қана үздік оқуды тілеймін. Бүгінгі оқу жылында көптеген өзгерістер бар. Баршаңыздың мерекелеріңіз құтты болсын», - деп ізгі тілегін білдірді. Басқа қонақтар да өз кезектерінде оқушы, мұғалім, ата-аналарға арналған құттықтау тілектерін білдірді.

Кейін 1 сынып оқушылары тақпақтарын айтып, 11 сынып оқушысы Арайлым Оңғарша 1сынып оқушысы Ұлан Нұрланға:

Оқыған әпке, ағаңыз,

Қадірлі мектеп – бұл мектеп.

Сендердей біз де болғанбыз,

Есейдік, міне, қараңыз.

Құт болып алғаш қадамың,

Жағыңдар білім шырағын.

Білім кілтін сеніммен Табыстап саған барамын, - деп білім кілтін тапсырды.

Мектепке алғашқы қадамын басып тұрғандардың атынан Раян Қуанышқызы әсем ән айтқаннан кейін Мемлекеттік Ту ресми түрде шығарылды. Ал алғашқы қоңырау соғу құрметі жоғары сыныптардың атынан Әділет Қадірбай мен 1 сынып оқушысы Раяна Қуанышқызына бұйырды. Салтанатты шараның соңына қарай 1 сынып оқушылары ұстаздарымен бірге жиналғандардың қошеметімен мектепке кіргізілді. Әрі қарай әр сыныпта білім күніне арналған сынып сағаттары өткізілді.

Айта кетейік, С. Шарипов атындағы мектеп-интернаты биылғы оқу жылын 480 оқушымен бастап отыр.

А.Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521