Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті.
Мақат ауданының да тұрғындары да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауын теледидардан көріп, тыңдап қызу қолдап жатыр.
Аймақтағы мұнайлы ауданның тұрғындары елімізде болып жатқан оң өзгерістердің бірқатар игілігін көріп отырғаны да шындық. Дегенмен, алда да тұрмыстың жақсара түскенін қалайтыны тағы рас. Ал мұндай жақсылықтардың Президент саясаты мен оның жыл сайынғы Жолдауларынан тамыр тартатынын көзіміз көріп жүр. Сондықтан да Президенттің биылғы Жолдауы алға басуымыздың бағдаршамы іспетті дер едім. Егеменді, зайырлы, саяси және экономикалық реформалары мен стратегиялық жоспарлары қуатты мемлекеттердің өзін мойындатқан, әлем сахнасында өз орны бар Қазақстан дүние жүзіндегі дамыған елдің қатарына енуге қадам жасауда.
Президенттің биылғы Жолдауы осы межеге жетудің бағыттарын айқындағандығымен де құнды.
Президенттің бұл жолғы Жолдауынан әрбір азаматтың, қазақстандықтың ел өркендеуіне үлес қосуы арқылы қол жеткізе алатынын ұғынуға болады. Мемлекет басшысы Жолдауда еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету үшін Үкіметтің алдына көптеген міндеттер қойды. Әсіресе, ел экономикасын дамытудағы негізгі міндеттерді айқындап берді.
Нақтырақ айтқанда, кәсіпкерлікпен айналысатын адамдардың таза еңбек етуіне толық жағдай жасауды, өңдеу саласын дамыту керектігін айтса, еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану қажет екенін мәлім етті.
Сондықтан айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асырып, экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналып отырғандығын атап өтті.
Осы орайда 30 мыңға жуық тұрғыны бар ауданда мемлекеттік бағдарламалар байыпты түрде жүзеге асуына жергілікті атқарушы органдар мүдделі де екендігі белгілі. Тәуелсіз еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін арттыру – барлық Қазақстан азаматтарының парызы. Ол үшін ел ішінде бірлікті сақтау, шетелге шыққанда мемлекетімізге кір келтірмеуіміз қажет. Елбасы өз сөзінде осындай ойларды да ортаға салды.
Азамат Шаңғалаев,
Мақат аудандық мәслихатының төрағасы