Жастардың салауатты өмір салтын тиімді ұйымдастыруға, кенттегі аз қамтылған, көп балалы отбасылардың және ерекше балалардың спорттық қабілетін физикалық тұрғыдан дамытуға бағытталған спорт кешенінің ашылу салтанатына облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова қатысты, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сондай-ақ шараға Доссор кентінің тұрғындары да қатысты.
- Атырау облысындағы спорттық нысандар саны күннен күнге артып келеді. Бұл әрине, қуантарлық жағдай. Бүгін жаңадан ашылған нысанның құрылысына атсалысқандарға ерекше алғысымды білдіремін. Бұл дәстүр жалғасын тауып, спортшыларымыздың қатары арта түседі деп сенеміз. «Шабыт» спорт кешенінде жаттыққан әр шәкірт үлкен жеңістерді бағындыра берсін деген тілек білдіремін,-деді Н.Төлеуова.
Ғимараттың жалпы ауданы - 500 шаршы метр. Мұнда күрес, бокс, дзюдо сияқты спорт түрлерімен айналысуға қажетті құралдармен толық жабдықталған. Мекеменің ауласынан work-out алаңын салу жоспарда тұр. Әр үйірме бойынша барлығы 6 бапкер жұмыс істейді.
Ал «Батыр боламын» қоғамдық қорының президенті Арман Уахап бұл нысанның Атырау облысы бойынша салынған 34-нысан екенін айтты.
- Бұл спорт кешені болғанымен, балаларға жан-жақты тәрбие беретін екінші ұясы. Мұнда қатысқан әр бала әлемдік деңгейдегі спорт додаларында байрағымызды желбіретеді деп сенемін. Өздеріңіз көргендей ғимараттағы жабдықтың бәрі сапалы, соңғы үлгіде жасалған. Бұл - тек бір адамның ғана емес, еріктілердің де үлкен еңбегінің нәтижесі. «Көп түкірсе - көл» деген дана қазақ. Ендеше, берекелі болады деп сенім білдіремін. Мұндай жұмыстар әлі де жалғасады,-деді А.Уахап.
«Қазақстан халқына» қорының және 30-ға жуық кәсіпкердің демеушілігімен, «Батыр боламын» қоғамдық қорының қолдауымен, «Айналайын баладан» қоғамдық қорының бастамасымен ашылған кешеннің сыйымдылығы - 200 адам. Сонымен қатар жас спортшыларға үйірмеге қатысуы үшін жеңілдіктер қарастырылған. Оған қоса, аз қамтылған 100 бала спорт үйірмелеріне тегін қатысады.