«Қазақ мұнайының қара шаңырағы атанған кен орны, соған сәйкес мұнайшылар қалашығының «Доссор» деген атауының төркіні қайдан шыққан?» деген сұрақ кім-кімді де бейжай қалдырмаса керек.
Бұл жөнінде үш ұдай пікір бар. Алғашқылар Доссор сөзін поселкенің оңтүстігіне таман 4-5 шақырым жердегі Достың моласымен байланыстырады.Олар «Достың соры» деген тіркес келе-келе «Дос-сор» болып қалыптастыға» сілтейді. Бұл әдебиетші-ғалым Ермек Өтебаевтың пікірі. Ал жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, топонимиканың белгілі білгірі марқұм Мақсот Жолжанов сөз этимологиясына былайша талдау жасайды: «О баста бұл арада ащы көл болған. Адамдар оны «тұзды сор» атаса керек. Бара-бара ол «тұз-сор» түріне көшіп, дыбыс үндестігіне қарай «Доссорға» айналған. «Тұзды сор», «Тұзсор» тіркесін негізге алуда келіңкіремейді. Алдымен қазақ тілінде «тұз» және «сор» сөздерінің қосарланып қолданылуы кездеспейді. Өйткені «сор» сөзі бетінде балшық пен тұз төгінділері қабаттасқан батпақты көл мағынасында ұғынылады. Қазақ тілінің екі томдық түсіндірме сөздігінде: «Сор—сортаң, тұзды жер» делінген. Сор «тұзды», «тұзсыз» болып айырылып айтылмайды.
Алдымен қазіргі Доссор аймағы мұнай іздеп тіміскілеген шетел және орыс қалталылары келгенге дейін елсіз болған. Осы өлкені 1886 жылы зерттеген тау-кен инженері Новаковскийдің бұл араның сусыз да ессіз дала екені жөніндегі мәлімдемесі осыны дәлелдейді. Осындай хабарды Гурьев уезі 2 учаскесі Крестьянский начальнигінің 1913 жылғы жазған қатынасынан да оқимыз:» ...пос. Большая Ракуша, Доссор-раньше совсем не заселенные». Демек «Доссор» сөзі осы өлкенің мұнайын игеру кезеңімен қатар қолданыла бастады.
Көнекөз қариялардың айтуынша, Сағыз өзенінің арнасы қазірде орны қалған Сағыз поселкесінен Доссорға жете бергенде оңтүстікке кілт бұрылып, Байшонасқа, одан әрі теңізге қарай тартады. Соның батыс жақ бетінде поселкеден 4-5 шақырым жердегі биік төбенің басында Дос дегеннің зираты бар. Ал қазіргі Доссор мұнай өндіру учаскесі орналасқан алаңды қоршаған төбелердің бірінен ылдиға қарай мұнай жылғаланып жататынға ұқсайды. Екі арада бірнеше сор бар.
Зерттеушілерге жол көрсетуші, болмаса жергілікті қазақтар осы нүктелердің атауын «Дос» және «Сор» деп көрсетуі кәміл. Мұнай іздестіруге жер алған Н. Н. Леманға 1911 жылы берілген куәліктен мынадай сөздерді оқисыз: «... разрешается ему производить разведки нефти... в Гурьевском уезде, Уральской области в местности близ Сора соляное болото, имеющего название по близ находящейся мулле «Дос — Дос — Сора»... Қараңыз, айдай анық көрсетіліп тұр: Сор-тұзды батпақ (тұзды сор емес). Маңындағы Достың моласына сәйкес атау алған. Достың соры емес. Өйткені ол бұл араның иесі саналмайды. Бар болғаны биік төбеде жерленген адам.
Бұған қосымша түсінік беру қажетсіз сияқты. Тек қызылдар үкіметі орнағанға дейін адам аты мен жер сипатын көрсететін екі сөз құжаттарда біріктірілмей, сызықша арқылы бас әріппен Дос-Сор түрінде жазылып келіпті. Сондай-ақ, Ембі мұнайын алу үшін құрылған 6-7 акционерлік қоғамдардың іс-қағаздарының бәрінде де «Тұз-сор» не «Дұз-сор» тіркесі кездеспейді. Ал жер қожасы Крестьянский начальниктің құжаттарына «Дос» моласы, «Дос-сор» мекені деп көрсетіледі.
Қорыта айтқанда «Доссор» атауы «Дос» және «Сор» сөздерінің тіркесуінен шыққан.
Айбосын ЕЛЕУСІНОВ,
өлкетанушы. 1999 жыл