Жақында "Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы" қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен мемлекетттік қызметшілер күніне орай бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелері арасында «Бесаспап мемлекеттік қызметші» атты мерекелік байқау өтті.
Байқауға қатысушылар «Өнерлі өрге жүзеді», «Мөлдір сөздің шебері», «Би – өнер өрнегі» атты үш бөлім бойынша өнер көрсетті. Аталмыш сайысқа қатысқан Доссор кенті әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілер әр бөлім бойынша ән айтып, би билеп, жырдан шашу шашты.
М.Шахановтың «Тілек» өлеңін оқыған Доссор кенті әкімінің орынбасары Гүлнар Ерғожиева және өзі шығарған "Әріптестерге" өлеңін оқыған Мақат кенті әкімінің орынбасары Салтанат Хамидуллина көпшіліктің қошеметіне бөленді. Доссор кент әкімі аппаратының заңгері Нұргүл Құлжанова гитарамен ән шырқап, көрерменді таң қалдырды. «Жастар» биін билеген кент әкімі аппаратының мемлекеттік қызметкерлері байқау көркін қыздыра түсті.
Нәтижесінде Мақат кенті әкімінің орынбасары С.Хамидуллина "Мөлдір сөздің шебері" номинациясы бойынша ІІ орын, Доссор кенті әкімі аппаратының ұжымы «Өнерлі өрге жүзеді» номинациясы бойынша ІІ орын және «Би – өнер өрнегі» номинациясы бойынша белсенді қатысқаны үшін дипломға ие болды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА