Бүгінде ауданымыздың еңсесі тіктеліп, тұрмысы түзеле бастады. Ұлтжанды азаматтардың еңбегінің нәтижесінде ауданға қарасты кенттер көркейіп, гүлдене түсті. Өз уақытымен жол тегістеліп, көшелер жарқырай бастады. Ауыл іші жасыл-желекпен абаттандырылып, гүлмен көмкерілді.
Дегенмен, әр аймақтың өзіне тән тарихтан сыр шертетін ескі орындары болады. Мұнайлы Доссор кентінде де ғасырлар бойы сыры кетпеген ғимараттар бар. Олар қазіргі таңда еш пайдаға жаратылмай, қаңырап бос тұр. Былайша айтқанда, жоғарғыда келтірген кенттің келбетін бұзып, сәнін кетіріп-ақ тұр.
Ауылға кіре берістен-ақ жансыз ғимараттар ауылдың ажарын кетіріп, реңін қашырып тұрғандай. Бұрын Доссор кентінде ауылдың кітапханасы, моншасы, клуб, почта, халыққа қызмет жасап тұрған бірқатар мекеме мен ұйымдар болғаны белгілі. Ал, қазір бұл ғимараттардың біразы қаңырап бос тұрса, қалғандары қолдан-қолға өтіп, қирап, құрылыс материалдарына таратылып алынған. Ол ғимараттар әрине, біреулердің иелігіне өтіп, кәдеге асыруға мүмкіншілігі болмай жүрген де болар. Соның салдарынан дәурені біткен ғимараттардың сүреңсіз сыйқы көшеміздің сәнін бұзып тұр.
Кент орталығында М.Өтемісұлы көшесінде орналасқан үш қабатты бұрынғы почта бөлімшесін тұрғындар айта-айта жауыр болды. Ашығын айтқанда, бұл ғимарат 20 жылдан бері иесіз. Есік терезесіз бос тұру салдарынан сәулеттік келбеті әбден тозған. Іші-сырты қоқысқа толған ғимараттың тастары да үгітіліп құлауда. Ғимаратты бұзуға не кедергі сұрағының туындағанына да біраз болды.
Доссор кенті әкімінің жылдық есебі тыңдалған жиында аудан әкімі Ж.Қарағаев ғимаратты үш рет аукцион арқылы сатуға әрекет жасалғанмен, тозығы жеткен ғиамаратты алуға ниетті табыла қоймағандығын, апатты жағдайда тұрғандықтан, күрделі жөндеу жасауға келмейтіндігін айтқан болатын. Бұзған жағдайда да құрылыс материалдары пайдаға аспайды. Шешімі – ғимаратты бұзу ғана. «Қазпочта» АҚ-ның иелігіндегі мүлікті өзгенің қандай да бір әрекет жасауына құзіреті де жүрмейді.
Қазір кент ішіндегі иесіз қалған ғимараттардың аңғал-саңғал күйі жағымсыз әсер қалдырғаны өз алдына, іші қоқысқа толы. Кей нысандарда топталған ащы суға құмарлар табылса, орталықта орналасқан нысандарда балалар жазғы каникул кезінде ойын алаңдарына айналдырып, үстінде өрмелеп ойнап жүреді. Жанынан жағалай өтсеңіз, абайсызда қираған тастардың арасында балалар қалып қоймаса екен деген үрей туғызады.
Міне, ауылдың бір жағымсыз көрінісі осындай.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
cуреттер автордікі