Бүгін аудан орталығында домбыра күніне арналған “Домбыра - қазақ халқының жаны” атты мәдени шара жоғары деңгейде аталып өтті.
Мерекелік кештің шымылдығы орталық алаңнан орталық стадионға дейін жалғасқан көркем шерумен басталды.
Қолдарына ұлттық домбыра аспабын ұстаған 100-ге жуық өнерпаз көшені бойлай жүріп, ерекше әсер қалдырды.
Орталық стадионға жиналған жұртшылық шеру аяқталысымен Құрманғазының жауһар туындысы “Балбырауын” күйінің орындалысына куә болды.
Домбырашылардың бірлесе шерткен үні дала төсін тербеткен желдей, отырған көпшіліктің жүректерін баурап, терең тебіреніске бөледі.
Мерекелік кеште аудан әкімі Азамат Мәмбетов құттықтау сөз сөйлеп, домбыраның қазақ халқы үшін әрдайым жоғары бағаланатынын айтты.
Әрі қарай Р.Ғабдиев атындағы “Халықтық” ұлт аспаптар оркестрі қазақ күйлерін орындап, аудан көркемөнерпаздары концерттік бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды.
Г. Жұбанышқалиева