Бос уақытты өзіңізге арнаңыз!

(0 Votes)

Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялауға мәжбүр болды. Пандемия деген жаңа шыққан вирустың әлемге таралып кетуі, ал оған адам иммунитетінің әлі дайын болмауы.

Мысалы, ауру тек Қытай территориясында, яғни белгілі бір аймақта ғана өршісе, ол эпидемия болады. Ал, бұл вирус 100-ден аса елге таралып үлгерді. Содан әр ел, әртүрлі деңгейде төтенше жағдай жариялай бастады. Біздің елімізде төтенше жағдай жарияланды. Оқу орындары онлайн оқытуға көшті, мектептер ерте демалысқа шығып, демалыс аяқталғасын онлайн оқуға көшетін болды. Түрлі той-томалаққа шектеу қойылды. Мұның барлығы азаматтардың денсаулығын сақтау үшін жасалып жатқан шаралар. 

Аты жаман аурудың бетін қайтару үшін уақытпен санаспай, жұмыс істеп жатқан дәрігерлер «Мен сіз үшін жұмыста қалдым, сіз мен үшін үйде отырыңыз» деген сарында челлендж бастады. Шынында, бұл уақытта үйде отыру - ең үлкен сақтану жолы болып отыр. Шынын айтқанда, үйде іш пысуға уақыт жоқ, бұл уақыт - ізденуге, қосымша білім алуға таптырмайтын мүмкіндік. Үйде күніне кемінде екі сағатыңызды оқуға арнасаңыз, көп жетістікке жетуге болады. Мұғалім болсын, студент болсын, оқушы болсын - қазіргі ғаламтор мүмкіндігін, бос уақытты тиімді пайдаланғаны абзал.

Қазіргі уақытта ағылшын тілін онлайн оқуға толық мүмкіндік бар. Ғаламторды ашып қалсаңыз, қашықтан оқытатын сайттар толып тұр. Бұл уақытты бала тәрбиесіне де арнауға болады. Ең бастысы, дәл қазіргі сәтте сыртқа шыққаннан гөрі үйде отырудың қауіпсіз екендігін естен шығармаңыз! Адамзат баласы оба, сүзек, безгек секілді талай індеттерден де аман қалды ғой...Бұл індеттен де аман шығармыз!

А.АБДОЛОВ,

аудандық білім беру бөлімінің басшысы

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT