Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері М.Есімбаевтың 29 наурыздағы Атырау облысының аумағында қосымша шектеу іс-шараларын, оның ішінде халықтың өмірі мен (немесе) өзге де қызметіне тұрмыстық ерекше жағдайларын енгізу туралы қаулысына сәйкес аудандағы төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік шаралары мен санитариялық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында рейдтік іс-шара болып өтті.
Өңірдегі жағдаймен танысу үшін аудан әкімі Шәкір Кейкин, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Азамат Шаңғалаев, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Гүлжанар Өтешова, аудандық полиция бөлімінің басшысы Асхат Арыстанов, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гауһар Тоғаева жергілікті сауда орындарында болып, тауар бағасын және қауіпсіздікті қадағалады.
Аталмыш рейд барысында аудандағы бірқатар азық-түлік дүкендерінің тазалығы тексеріліп, азық-түліктердің бағасына мониторинг жасалды. Елдегі жағдайға сәйкес дүкендегі сатушылар бетперде және қолғаппен қызмет көрсетуі тиіс. Тұтынушылар да дүкенге бетпердесіз кіргізілмейді. Сондай-ақ, сауда нүктелерінде бес адамнан артық сауда жасауға тыйым салынған. Осы талаптар кейбір дүкендерде рейдтік іс-шара барысында орындалмай отырғанына көз жеткіздік.
Рейд барысында дәріханалар да тексерілді. Тексеріс нәтижесінде аудан дәріханаларында «Парацетамол», «Аспирин», спирт, сутегі асқын тотығы секілді дәрі-дәрмектер атымен жоқ екені белгілі болды. Маска тапшылығы да байқалды. Бағасы да өскен. Сұрастырғанымызда, дәріхана қызметкерлері өздеріне жеткізілетін орталықтарда да дәрілердің жоқтығын айтты.
Одан әрі тексеріс сапары Доссор кентінде жалғасты. Мұндағы кейбір дүкендерде тазалық еш сақталмаған. Заласыздандыру жұмыстарын да көрмеген сыңайлы. Сатушылардың бірінде қолғап, бірінде маска жоқ. Дүкендердің кейбірінде тіпті маскасыз ішке кіруге болмайтындығы туралы ескертпе қағаз ілінбеген. Азық-түлік дүкендерінде арнайы бетпердесіз, қолғапсыз келіп, сауда жасап тұрған алушыны да, сатушыны да көрдік. «Бір адамның өзінен қаншама қиындық туып жатырғанын білесіздер ғой, теледидардан, әлеуметтік желіден көріп жатырсыздар. Сатушыңыз қолғапсыз сауда жасап тұр, маскасыз адамдар жүр. Бүгін ескерту. Одан әрі шара қолданып, 28 мың айыппұл төлейтініңізді ескертеміз»,-деп аудан әкімі Шәкір Кейкин «Айгүл» базарындағы бір азық-түлік дүкеніне ескертпе жасады.
Жүргізілген рейд қорытындысы бойынша аудан әкімі Шәкір Кейкин сала мамандарына сауда нүктелерінің иелеріне сауда жасауға келген тұтынушыларға 50 теңгеден бетперде тігіп сату жұмыстарын қолға алуға және сауда нүктелеріндегі азық-түлік бағасының негізсіз көтерілмеуін қатаң бақылауға алуға, сауда нүктелерінің іші-сыртындағы санитарлық тазалық нормаларының сақталуын қадағалауға, кентішілік жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық автобустарда дезинфекциялық жұмыстардың жасалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Толығырақ газетіміздің кезекті санынан оқи аласыз!
М.ІЗТҰРҒАНОВА