Бір ай той-томалаққа рұқсат жоқ

(0 Votes)

Елімізде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында той-томалақ өткізуге тыйым салынған болатын. Ел аумағында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 16 наурыздан 15 сәуірге дейін төтенше жағдай енгізілді.

Осы уақыт аралығында мейрамхана басшыларына той немесе басқа да отбасылық мерекелік шараларды өткізу үшін берілетін тапсырыстарды 50 адамнан асырмау талаптары қойылды. Осы талаптарды орындамаған немесе орындаудан бас тартқан адамдар жауапкершілікке тартылатын болады.

Төтенше жағдайдан кейін ауданның бірқатар мейрамханаларының иелеріне хабарласып, жағдайды білген болатынбыз. Әр аптаның демалыс күндері тойдан арылмайтын «Қазына» мейрамханасы белгіленген уақыт аралығында 18 тойды өткізбеуге шешім шығарған. «Барлық той иелеріне хабарласып, болып жатырған жағдайды түсіндіріп, той өткізуден бас тарттық. Осы 31 күн аралығында мейрамхана ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, желдетіп, санитарлық-эпидемиологиялық, дизенфекциялық жұмыстарды орындайтын боламыз. Тапсырысты 50 адамнан асырмау талабы қойылғанымен, той болсын, садақа болсын осы уақыт аралығында мүлде қабылдамауды жөн деп санадық»,- дейді мейрамхана әкімшісі.

Ал, «Бақ-Ырыс» мейрамханасы осы уақыт аралығында тапсырыс қабылдаған 20 тойдан және Доссор кентіндегі «Достық» мейрамханасы 10 тойдан бас тартқан.Той иелеріне алдын ала төленген ақшасын қайтарып, дәл осы жауапты кезеңде тойхана иелері немқұрайлылық танытпаған. «Той иелерімен ақылдасып, тойды сәуір, мамыр, маусым айларына ығыстырдық. Әрине жұмысшыларымызға бір ай айлық алмау қиындық туғызады. Біздің де кәсіпкер ретінде төлейтін несиеміз бар. Ақшаны емес, саулықты ойлар шақ. Дегенмен мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет шағын және орта бизнесті қолдау және несиелік демалыс беру бойынша тапсырмалар қарастырып жатырғанын естідік. Сондықтан да бұл кезеңді де еңсереміз деп сенеміз. Біз қазақ қашанда шыдамды, қайсар халықпыз. Мың өліп, мың тірілген, талай тар жол тайғақ кешуді еңсерген елдің рухын бұл індет те түсіре алмайды. Бәрі жақсы болатынына сенеміз»,- дейді мейрамхана басшылығы.

Наурыз айы - әдетте халықтың думандатып, ұлыс күнін тойлап, амандық сұрасып көрісетін кезеңі. Көктемді асыға күтіп, тұңғышының тойын дүркіретіп тойлағалы отырған Доссорлықтың бірі - А.Ағорынқызы еді. Үйлену тойды 4 сәуірге жоспарлаған. Үш жүзге жуық жақын-туысты жинап, ақ батасын алу ойда еді дейді ол. «Той десе қу бас домалайтыны белгілі. Ұлымның тойын сәуірдің алғашқы күндеріне белгілеп, екі ай бұрын дайындықты бастап кеткен болатынбыз. Сондықтан тас түйін дайындалып, жоспарланған тойды тоқтата салу оңай емес. Дегенмен бұл адам денсаулығы үшін, еліміз үшін өте маңызды дүрбелең болғандықтан, тойдың уақытын кейінге шегердік. Бас аман болса, той алдағы уақытта өтер. Ең бастысы, елімізге кесел кеңінен тарамаса екен деймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын»,- дейді аудан тұрғыны А.Ағорынқызы.

Бұл жағдайда мейрамхана мен тойхана басшылары халықтың ақшасын толығымен қайтарып беруге тиісті. Тұтынушы талабы орындалмаса сотқа жүгінуге құқылы. Бұл дүрбелең кезеңде бейқамдыққа салынбай, індетті бойға алдырмаудың жолын іздеу қажет. Егерде төтенше жағдай талаптары бұзылса, Әкімшілік құқық бұзушылық заңының 476-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз.


М.ІЗТҰРҒАНОВА

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT