Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудан тұрғындарына тұрғын үй секторындағы өрттерге жол бермеу бағытындағы профилактикалық жұмыстар өткізуде.
Жалпы өрттердің басым көпшілігі тұрғын секторында орын алатыны белгілі. Тұрғын үйлерде пайда болған өрт көбінесе адамдардың қаза болуына және жарақаттануына алып келеді. Сондықтан алдын алу жұмыстары барысында халықты өрт қауіпсіздігі шараларына оқытуға басты назар аударылады. Доссор кентінің тұрғындарымен өткен кездесуде ТЖБ қызметкерлері тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Көптеген жағдайларда басталған өртті уақытында байқасаңыз және қажетті шаралар қолдансаңыз, өз бетімен сөндіруге мүмкіндік болады. Бірақ ешқашан өрт қаупін бағаламауға және тек өз күшіне сенуге болмайды. Өрт тез арада жайылуы мүмкін. Сондықтан кез келген жану кезінде бірінші кезекте өрт сөндірушілерді шақыруды ұмытпау керек. Жиын барысында тұрғындарға пешті орнату және пайдалану, электр сымдарын пайдалану және жөндеу, сондай-ақ тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелерін сақтауға қатысты өрт қауіпсіздігі ережелерінің негізгі талаптары жеткізілді. Өз кезегінде тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды.
Кездесу соңында қатысушыларға өрт қауіпсіздігі шаралары туралы жадынамалар таратылды.
Өз тілшіміз