Табиғаттың тосын мінезі мен төтенше жағдайдың алдын алуға дер кезінде даяр болу - маңызды фактор. Жылдам байланыс пен қырағылықты талап ететін осындай салада ер адамдармен тең дәрежеде еңбек етіп жүрген нәзік жандарымыз да бар. Солардың бірі - Әжіғалиева Айдана Беркінқызы.
Мақат аудандық өрт сөндіру бөлімінде радиотелефоншы болып қызмет атқаратын ол 1989 жылы Атырау қаласында дүниеге келген екен. Ақтөбе қаласындағы «Көлік, байланыс және технологиялар» колледжін тәмамдаған.
-Төтенше жағдай кезінде эмоцияға берілмей, барынша сабырлылық таныту бұл саладағы ерекшелік деп ойлаймын. Менің басты міндетім - бөлімнің байланыс бекетіне қоңырау түскен кезде төтенше жағдай орын алған нақты мекен-жайды анықтап, тез шешім қабылдап, кезекші қарауыл бастығына хабарлап, бөлімшені сол мекен-жайға дереу жіберу болып табылады.
Негізі мамандық таңдау - өмірде ең маңызды қадам. Сондықтан мамандық таңдауда қателеспеу керек. Маған өзімнің мамандығым ұнайды, – дейді Айдана ханым.
Ол жолдасы Бақытжан Қазиев екеуі бір салада қызмет етіп келеді. «Осы салада емін-еркін жұмыс жасап, табысты еңбек ете білуімнің құпиясы да осында шығар» - дейді көпбалалы келіншек.
Ж.Қамза