Аптаның алғашқы күні аудан орталығында оқыс оқиға орын алып, аудандық жастар орталығының қасында «Атырау-Мақат» маршруты бойынша қатынайтын м/б KZ 523 AFX/06 автобусы толықтай жанып кетті.
Төтенше жағдайлар бөлімі мамандарының айтуынша, өрт салондағы электр сымдарының қысқа тұйықталуынан орын алған. Қуанышқа орай, көлік ішіндегі 24 жолаушы да дін аман, зардап шеккендер жоқ.
Ал, өрт сағат 20:39 да оқшауланып, 20:52 де толықтай жойылған. Сондай-ақ, оқиға орнына №8 Өрт сөндіру бөлімінен 7 құтқарушы мен 2 бірлік техника жұмылдырылған. Бұл ретте сала мамандары жүргізушілерге қауіпсіздік шараларын барынша сақтап, көліктердің техникалық жарымдылығына мән беруге шақырады.
Ә.ҚАСЫМ