Ауылдан адам көшкенімен, адамнан ауыл көшпейді

(0 Votes)

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы төл тарихымызды қайта түлетіп, өткеніміздің өнегелі тұстарын ел санасына оралтып, өшкенімізді жандыруға түрткі болғаны белгілі.

Өсіп-өнген өлкеге деген ерекше ықыласын нақты іске ұластырған елжанды азаматтардың арқасында ауыл тұрғындарының ұйымдасуымен мұнайлы Байшонас поселкесінде ескерткіш тақтасы орнатылды.

Байшонас тағы міне, төріңдемін,

Жол түсіп біраз мезгіл көрінбедім.

Сен сонда жұдырықтай жүрегіммен,

Бір түнеп көкіректен бөлінбедің.

 

Өзіңмен сыбағалас татар дәмім,

Оралдым өз ортама, қатардамын.

Бірімін құрылысшының, мұнайшының,

Малшымын, шалғайдағы отардамын.

 

Кей жылдың әрқилы өтіп бұлтарысын,

Толқыды арнасында мол табысың,

Жайқалған жасыл терек болса ауданым,

Байшонас, ең әуелі бұтағысың.

 

Жырымның әр жолында қастеленген,

Еңбеккер достарымды ескерем мен.

Қарқынның жаңа туған жаршысымын,

Мұнайлы Байшонас пен Ескенеден, деп ұлағатты ұстаз, ақын, ауылымыздың тұрғыны Төлеген Дүйсенұлы жырлағандай туған жер – адам өмірінде киелі орын алады.

Байшонас мұнай кені – Ембі мұнайлы ауданындағы ескі мұнай көздерінің бірі. 1931 жылы іргесі қаланды. Бұл мұнай өнеркәсібін ұлт меншігіне айналдырғаннан кейін кеңес заманында қатарға қосылған Ембінің алғашқы мұнай кәсіпшілігі болатын. 1938-44 жылдары кәсіпшілік жан-жақты және жедел дамыды. Қазіргі уақытта Байшонас, Қарсақ және Ботахан сияқты пайдаланудағы кенорындар жұмыс істейтін мұнайшылардың тұрағы болып отыр. Байшонас – Ембінің ежелгі, Доссор мен Мақаттан кейінгі үшінші мұнай кәсіпшілігі, Атырау облысының Мақат ауданындағы мұнайшылар кенті атанды.

Іргесі 1925 жылы мұнай кенін игеруге байланысты қаланған. Бұл ауылда орта мектеп, аурухана, наубайхана болды. Тұрғындары аудан және облыс орталықтарымен автомобиль жолы арқылы қатынасқан. 1997 жыл тұрғындар саны 1,8 мың адам болған. Ал 2009 жылғы санақ бойынша ауылда 1827 адам мекендеді. Алғашқы мұнай 1931 жылы алынған. Құрылымды дайындау 1925-1941 жылдары құрылымдық карта жасау бұрғылауы және сейсмобарлау барысында атқарылды. Барлау бұрғылауы 1930 жылы басталған. 1933 жылы Шығыс Байшонас, 1939 жылы Солтүстік Байшонас бөлікшелері ашылып пайдалануға берілді.

«Орны бар оңалар» демекші, ауылдың заты жойылғанымен, Байшонас аты қалды. Жұма күні мұнайлы Байшонас поселкесінде тұрғындар жиналып ескерткіш тақта орнатты. «Ембімұнайгаз» АҚ өндіру басқармасының директоры Әнуар Жақсыбеков пен ардагер мұнайшы, ауылдың байырғы тұрғыны Жәукен Досқалиев ескерткіш тақтаның лентасын қию құрметіне ие болды. Байшонас ауылынан қаншама адам түлеп ұшты. Айта кету керек, ғалымда, жузушыда, әкімде, дәрігерде, мұнайшыда, спортшыда, ұшқышта осы аядай Байшонас өңірінен шықты. Сол адамдардың ұйымдасуы мен ұжымдасуы арқасында ауылға арнап ескерткіш орнату идеясы ойға оралып, бүгінгі таңда жүзеге асты. Ауыл қариялары туған жерге деген сағынышын тебірене еске алды.

– Тұрғындардың туған жерлерін ардақтап, ескерткіш орнатуы – болашаққа жасалған белгі ғана емес, ұрпаққа үлгі-өнеге, аманат деп білеміз. Осындай ескерткіш орнатқан жігіттерге мың алғыс,- деді ауылдың байырғы тұрғыны Қизатолла Биғалиев. Ескерткіштің ашылу аясында Ембімұнайгаз АҚ басқармасының директоры Ә.Жақсыбеков, Мақат ауданының бұрынғы әкімі С.Нақпаев және ауылдың қарттары мен еңбек ардагерлері де сөз алып, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей осы ескерткіштің орнатылуы да өткенді саралап, бүгінді бағалап, болашаққа бағдар болуы үшін қаланғанын атап өтті.

– Байшонас – аудандағы біздің үшінші кен орнымыз. Бұл совет одағы бойынша үздік кен орны аталды. 1951 жылы Мақат ауданының 51 мұнайшысы «Ленин» орденімен, 65 мұнайшысы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 78 мұнайшы «Еңбектегі ерлігі үшін» 118 мұнайшысы үздік шыққаны үшін медалімен марапатталған екен. Осы 51 мұнайшының 11-і Байшонастан шыққан. Ауыл жігіттері міне, бүгін туған жерлеріне ескерткіш орнатып жатыр. Ер-азаматтар туған жерін ұмытпауы тиіс,- деді бұрынғы аудан басшысы Ислам Әбілғазиев.

P.S: Ескерткіштің ашылуына Маңғыстау қаласынан келген ауылдың байырғы тұрғындары бір күн бұрын барып, өздері тұрған жерлеріне барып, топырағына аунап түнеген. Дана халқымыз «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаса керек. Ұядан қияға ұшып, ат жалын тартып азамат боп кетсе де туған жерге деген құштарлық сезім әркімнің ет жүрегінде от болып алаулап тұратыны айдан анық.

Абай АҚМҰРЗИЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521