Жәрмеңке жабайыланып барады

(0 Votes)

Қайнаған өмірдің тынымсыз тірлігі әсіресе, базардағы алыс-берістен ерекше көрініс тауып тұрғандай.

Тауарын жәрмеңкеге шығарған сатушы да, қажетін алып қалуға асыққан тұтынушы да қаржысын үнемдеп, әлеуетін әлсіретпеуге тырысып бағады. Сондықтан да, халық сұранысын қамтып, нарықтағы бағаның негізсіз өсіміне жол бермеу мақсатында жәрмеңкелер ұйымдастырудың тиімділігі бүгінгі қоғамда экономикалық жетістіктерге иек артып отыр.

Осы мақсатта өткен жылы қолға алынған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі аудан тұрғындарының сұранысын арттырмаса, кеміген емес. Десек те, жәрмеңке ұйымдастыру бастапқы талаптан шығып жүр ме, санитарлық ахуалы мен тұтынушының көзқарасы қандай? – деген сауалдарды зерделеу мақсатында өткен аптада жәрмеңкеге жол тарттым. Аудан орталығындағы «Газшылар» ықшам ауданынан орын берілген жәрмеңкеде қаз-қатар орналасқан көліктер мен жайма базардың көркін қыздыратын күн бейсенбіге белгіленген. Қалыптасқан қағида бойынша тұрғындар да осы маңға таң сәріден ағылады. Ертеңгісін сағат 8-ден бастап көршілес аудандардан, қала маңындағы шаруашылықтардан өз өнімдерін ортаға шығарған жеке кәсіп иелері орын ақыдан босатылады. Ал тауар бағасы базар нарқынан 15-20 пайызға төмен ұстауы шарт. Сонымен қатар, сауда-саттық ұйымдастырылатын орынның санитарлық тазалығы, тауар сапасы, сәйкестендірілген таразы тасы, сатушының медициналық тексеруден өткен санитарлық құжаты, т.б. талаптар жәрмеңкенің өз деңгейінде өткізілуін қажет етеді. Бұл адам денсаулығы мен құқына, әлеуметтік жағдайына көңіл бөлуден туындаған игі қадам. Алайда, осы ұстаным орындалыс тауып жатыр ма, мұны жауапты мамандардың атқарған қызметі арқылы саралап көруге тырыстым.

Алдымен қол дорбамды алып, жәрмеңкеге келдім. Кезегі аздау тұстан қияр мен қызанақ сатып алдым. Базарда бәрі бар сынды. Ерсілі-қарсы ағылып, керегін іздеген халықтан ине шаншар жер көрінбеді. Әйтеуір, «Ит басына іркіт құярлық», ауыл шаруашылығы өнімдері көздің жауын алады. Бастапқы мақсат та сол емес пе, - «Ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі». Әйтсе де, шет жағында шағын көліктің артын берген алыпсатарлар болуы керек, киім-кешек саудасы да қыза түскен. Саудагер «сауданы сақал сипағанша» үйлестіріп, тұтынушысын үйіріп апты. Солға бұрылсам, сарымсақтың саудасы, картоп бағасы да қол жетімді. Бұл базарға халықтың кіріп-шығып жүретін ауызы болса керек. Басыңды бұрсаң шағын үстел қойып ап, жұмыртқа мен сүт өнімдерін сатып тұрғандар шұбатын саудалауда. Артында екі қадам жерде қоқыс контейнері ақтарылып, күлімсі иіс қолқаны қауып кетті. Осы тұсты нысанаға алып, бір сурет түсіріп алдым.

Әрі қарай балық, сүт-қаймақ, көкөніс, жеміс-жидек саудасы тұтынушысын тартып, әп-сәтте тауар жәшіктері босап қап жатыр. «Амангелді» ЖШС –гі ұсынған балық өнімдері арнайы жәшіктерге салынып, сыртында тауардың аты жазылып, тұтынушы талғамын тауып тұрғандай. Ал келесі қапталында сұлап жатқан сазандар аптап ыстықта ұстап тұрудың мүмкін еместігін байқатады. Осыдан ақ, тауар сапасының төмендігін көрсетсе, онымен санасып жатырған жауапты маманды байқамадым. Біреулер бағаға, тауар сапасына наразылық білдірсе, енді бірі таразы тасына күмәнмен қарап, реніштерін де жеткізуде. Сатушы болса, сенбесең алма!- деп, тұтынушымен сөз таластырып, сауда мәдениеті адыра қалған. Шыққыр көзім мұны да көрді. Өкінішке орай бұл күні бақылау таразысын таппадық. Тауарлардың ұсынылуы мен сатушының санитарлық талаптан қаншалықты шығып жатырғаны тағы да беймәлім. Аптасына бір рет үйлеріне азық-түлік сатып алуды әдетке айналдырғандар базар нарқымен санаспай, көзсіз саудаға қойып кеткен. Ал, күнделікті тұтынатын тағамдарының бағасымен таныс тұрғындар «оралдықтар» әкелген сүт өнімдерінің бағасы жәрмеңкеге шығаруға лайықсыз деген уәж айтады. Бәлкім, жергілікті жерде көзі жоқ тауар болған соң, пұлдап тұрған шығар? Мәселенің мән –жайын анықтау үшін жауапты мекемелерге шығып, мамандармен пікірлесуді жөн санадым.

Алдымен Мақат кенті әкімдігі аппаратындағы жауапты мамандарға сауал тастап, жәрмеңкенің жайын саралап көрсем, олар ертеңгісін ертемен саудагерлерді орналастырып, тауар жинайтын үстелдеріне дейін ұсынып, мүмкіндіктерінше жағдай жасайтындарын алға тартады. Бірақ, бақылау таразысын қою үшін қолы бостау, ыңғайлы адам таппай отырғанға ұқсайды. Тұтынушы сұранысын қамтуда жәрмеңке талабы сол болса, бұл жауаптарының – сылтау екені байқалады. Ал тауар сапасы, санитарлық ахуал, баға тұрақтылығына келгенде ат тондарын ала қашып, басқа да жауапты мекемелерді меңзеді. Олар да тұтынушы наразылығынан туындаған «оралдықтардың» сүт өнімдерінің бағасын төмендетудің мүмкін болмай отырғанын жарыса жеткізді. Себебі, олар жәрмеңке талабына сай болмаса да, кәсіпкерлік бөліміне арқа сүйей ме, әйтеуір, «екі жеп биге шығып» отырған жайы бар. Осылайша, жәрмеңкеге орын ақысыз орналасып алған оралдықтар, олжалы боп шықты. Олардың өнімдерінің қымбаттығына қарамайтын халық сол бағаға үйреніп, жәрмеңке талабы жайында қалған. Мұны бірнеше мәрте көтеріп, шешімін таппаған кент әкімдігі мамандары «Айтақтай, айтақтай, қасқырдан да ұялып» жүрген сыңайлы.

Мұнан соң, аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветериания бөлімдеріне хабарласып, жәрмеңкенің жайын сұрап, мәлімет жіберулерін өтіндім. Басшылары түсінбеді ме, қанша келі көкөніс, қанаша литр сүт сатылғаны туралы есеп беріп, қарап отыр. Атап айтсақ, кәсіпкерлік бөлімі жәрмеңкеден барлығы 3841500 теңгенің тауары сатылғанын хабарлапты. Ветеринария бөлімі жеке шаруашылықтардың сатылған өнімдерін есептеп, тиімді бағамен ұсынылғанын айтып, тоқмейілсіген. Саудагердің ұпайын түгендеп, қалтасында кеткен қаржыдан қандай пайда, түсінбедік? Бұл жерде маңыздысы сатылған тауар мөлшері емес, жәрмеңке талабының орындалуы. Жәрмеңке талабын талдап көрсек, тауар сапасын тексеретін зертхана мамандары да, сатушының саулығы туралы мағлұмат талап ете алатын қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің де бұл жолғы жәрмеңкеге шығуға мүмкіндік таппағаны белгілі болды.

Десек де, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мамандары өткен аптадағы жәрмеңкеге тексеру жүргізгенде анықтаған мәліметін алға тартты. Мамандар «Қауіпсіз тағам таңда!» акциясын ұйымдастырып, сатылымдағы өнімдерінің қауіпсіздігіне көз жеткізу мақсатында ерте піскен бақша дақылдарына нитрат тестілеу, ет, сүт, кондитерлік өнімдерді филин аппараты арқылы зерттеу жүргізген. Анықталған сәйкессіздік көрсеткішін сол бойда тұрғындардың назарына ұсынып, жалпы сырттан келген 15 жеке кәсіпкерлік субьектісі сатушыларының екеуінде ғана медициналық байқаудан өткендігі туралы санитарлық кітапшалары болған. Мамандар бұған дейінгі жәрмеңкелерде де бұл кемшіліктер қайталанып, бірнеше рет ескерту берсе де, нәтиже таппай келетінін айтады. Ал тағамдағы сәйкессіздікке келсек, қарбыздан, өріктен, қызанақтан натриялық нитрат көрсеткіші тиісті нормадан жоғары болғаны анықталған.

Бұған дейін де есіктен еніп, төрін сайлаған саудагерлердің бұл жолы да өзгере қоймағаны белгілі. Тұтынушысы көп жерден тиын табуға тырысқан тұрғындар қолдағы барын саудалап, қолдағы малымен азын-аулақ бақшасының өнімдерін де осы жерге әкелген. Тіпті, «Саудагер құнықса, сақалын күзеп сатар» демекші, қолда бар кәкір-шүкір артық дүниелерін де осы жерден өткізбекке бел байлапты. Әрине, еңбегімен тапқан дүниесін үйлестіріп сатуға әркімнің өз құқы бар. Әйтсе де, өнімнің сапасы мен жәрмеңке талабына сай тауар ма, мұны құзырлы орындардың рұқсатымен саудаласа құба-құп. Керісінше, жергілікті атқарушы биліктің ұйымдастырып берген игілікті ісін жоққа шығарып, өздері үшін жасалған мүмкіндікке кедергі келтіріп жүргенін ескергенін қалаймыз. Сырт көзге жәрмеңкеден жабайы іс-әрекеттерді жиі байқадым. Қысқасы, жәрмеңке бастапқы қалпынан мүлде өзгерген. Жергілікті атқарушы орындар бұл келеңсіздікті жойып, тәртіп пен талап үдесінен шығуды естен шығармаса екен.

Л.МЫҢБАЙҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521