Ауылдағы кәсіп – елге нәсіп

(0 Votes)

Өткен аптаның бейсенбісі күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын насихаттау мақсатында облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері ауданымызға арнайы келді.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Әсия Қыстаубаева бастаған насихаттық топ құрамында Атырау мұнай және газ университетінің жастар саясаты және мәдениет басқармасының бас маманы Азамат Имандосов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыс бойынша филиал директорының орынбасары Тұрлан Нұржанов, облыстық халық шығармашылығы мен мәдени қызметтерін ұйымдастыру орталығының бөлім басшысы Әсел Жантілекова, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің тарих және қоғамдық пәндер оқытушысы Болат Қарамырза, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ақпараттық-талдамалық жұмыс бөлімінің бас маманы Асхат Апуов бар.

Насихаттық топ алдымен аудандық мәдениет үйінде аудан активімен кездесу жиынын өткізді. Жиынға еңбек ардагерлері, аудандық бөлім басшылары, мәслихат депутаттары, кент, ауыл округ әкімдері, мекеме, кәсіпорны өкілдері, үкіметтік емес ұйымдарының мүшелері қатысты.

Мәжілісті аудан әкімі Жұмабай Қарағаев жүргізіп отырды. Жиында сөз алған аудан әкімі Ұлт Көшбасшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасының артуы» атты жаңа Жолдау елдің тұрмысын түзеу, табысын еселеу, кәсібін ұлғайтып, әлеуметтің әлеуетінің артуына зор ықпал жасайтындығын жеткізді. Сондай-ақ, стратегиялық құжатта жүктелген мақсат-міндеттерге, оның ішінде дамуға жол ашатын басым бағыттарға кеңінен тоқталды. «Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналды. Мемлекет басшысы үкіметке 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін көтеруге тапсырма берді. Бұл түрлі салада еңбек ететін 1 млн 300 адамның өмір сүру деңгейін жақсартуға сеп болады деді – Елбасы. Сондай-ақ, бюджеттік ұйым қызметкерлерінің еңбекақыларын 35 пайызға дейін көтеру тапсырылды. Сонымен қатар президент шағын және орта бизнесті дамыту мәселесін қозғап, бұл бағытқа 30 млрд. теңге қаражат бөлінсін дегенді айтты. Бизнесті дамытудың 2050 жылға дейінгі жоспары бойынша 22 мың азамат тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс», - деді Жұмабай Ғаббасұлы.

Мінберге көтерілген Әсия Қыстаубаева Жолдауды жан-жақты талдай отырып, облыс көлемінде жасалған жұмыстар мен жүзеге асар жобалармен таныстырды.

Жолдауға байланысты бірқатар азаматтардың пікірлері тыңдалды. Алдымен білім саласы өкілдерінің атынан Бәйгетөбе мектеп-балабақша кешенінің директоры Бақытгүл Тиышбаева баяндама жасап, дәстүрлі Жолдауда айтылған білім сапасын көтеруге байланысты мәселелерге тоқталды. «Келер жылы қабылдануы жоспарланған «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасының мұғалім құқын толыққанды қорғайтындай болып жасалуына қоғам болып атсалысуымыз керек деп ойлаймын» деп, Елбасы Жолдауын педагогтар қауымы қызу қолдайтындығын айтты. Келелі кеңесте өздерінің тұщымды ойларын ортаға салған аудандық кәсіпкерлік палатасының басшысы Гүлназ Едігеева мен Жастар ресурстық орталығының директоры Әсел Қаржауова Жолдауда халықтың тұрмысының түзеліп, табысының еселенуіне ықпал ететін тұстарын айрықша атап өтіп, келер жылды «Жастар жылы» деп аталатынын зор ықыласпен қабыл алғандығын баян етті.

Жиын соңында аудан әкімі «Тәуелсіз Қазақстанымыздың терезесін жаңа әлемдегі дамыған елдерімен тең ету – бәріміздің де ең басты борышымыз. Елбасының әр Жолдауының тарихи миссиясы – Қазақстанымызды табысты да өркениетті, халқының тұрмысы жоғары, табысы мол қуатты елге айналдыру мақсатынан туындайды» деп, ынтымағы ырысты, бірлігі бекем отырарлықтарды игі іске біркісідей атсалысуға шақырды. Халықтың табысын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған Жолдау аудан тұрғындары тарапынан қызу қолдау тауып, туындаған міндеттерді бағдарлы болашақ жолында біркісідей атқаратындықтарын жеткізді. Түстен кейін ақпараттық-насихаттық топ газшылармен кездесті.

Г.САЛИКОВА.

Суреттерді түсірген А.ТАУМҰРЫНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521