Жомарт жүректі жандар

(0 Votes)

Айналадағы адамдарға деген мейірім мен қамқорлық адамгершілік пен имандылықтың өлшемі саналады.

Жақсылыққа ұмтылған жан алдымен қайырымдылық жасайды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты мақсаты – жанашыр жандарды, елге үлгі боларлық азаматтардың тәжірибесін тарату. Осы орайда, өз кәсібін дөңгелентіп қана қоймай, туған өлкенің дамуына үлес қосып жүрген жанашыр азаматтарды дәріптеу арқылы жастарды елжандылыққа тәрбиелеу. Өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өткізілді. Рәсімнің мақсаты – туған өлкесінің көркейіп-гүлденуіне өз үлесін қосып келе жатқан, сондай-ақ көмекке зәру жандарға қол ұшын созып келе жатқан кең жүректі тұлғалардың еңбегін көпке үлгі ету, оларды насихаттау. Шараның «Туған өлке» номинациясымен жеке кәсіпкер Ержан Серікбаев пен Әділбек Идиятов марапатталды.

Е.Серікбаев 2007 жылдан бастап «Доссорым» қоғамдық қорының құрылтайшысы болып, өз жұмыстарын бастаған. Содан бері Доссор кенті бойынша санитарлық тазалықты ерте қолға алып, өз күшімен қоқыстарды арнайы жерге апарып төккен. Сондай-ақ, «Ағылшын тілін оқыту» тегін курсын ашып, 117 бала дәріс алса, Байбақты Ата рухына арнап теректер отырғызған. Ата кесенесі бағытындағы жол бойында "Жақсылық" мәдени-спорттық демалыс кешенін ашып, онда балалардың ойын алаңы және арнайы көгалдандырылған кіші аяқ доп алаңы пайдалануға берілді. Ата рухына арнап «Дулыға» ескерткіші орнатылған. Аудан деңгейінде өткізіліп тұратын мәдени және спорттық шараларға белсене араласып, демеушілік жасап келеді. Ол кенттегі жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандарды сыйлықтармен марапаттауды естен шығарған емес.

Ал, Ә.Идиятов - туған жері Доссор кентінің көгалдануына елеулі үлес қосып жүрген азамат. Ол өз қаржысынан 816 түп ағаш мен терек отырғызды. Күтіп-баптау жұмыстарын да өзі жүзеге асырып келеді. Осы жұмыстары үшін облыс, аудан, кент әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған.

«Жыл меценаты» номинациясымен «Болашақ» дүкенінің иесі Саламат Қуанышев марапатталды. Ол жыл сайын балалар арасындағы церебралды параличпен ауыратын, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға қол ұшын созып көмектесуді және қайырымдылық шыршасын өткізуді дәстүрге айналдырған.

Аудандық «Мерейлі отбасы» конкурсына қатысып, облыстық, аудандық деңгейдегі «Алғыс хатымен» марапатталған. Ал, «Ерен еріктілік» номинациясымен «Саягүл» дүкенінің иесі, жеке кәсіпкер Саягүл Баукешова марапатталды. Ол көп жылдан бері әлеуметтік жағдайы төмен балаларды киім-кешекпен қамтамасыз етіп, қайырымдылық жұмыстарымен айналысып жүр. Соның ішінде «Мектепке жол», «Қамқорлық» акцияларына белсене араласып келеді. Сондай-ақ, аудан ардагерлерін азық-түлікпен қамтамасыз етуде көмегін аямайды. Жеңімпаздарды аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиев марапаттап, құттықтады.

Шара барысында қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні деп белгіленген. Атаулы күнге орай, ауданда еңбегі еленіп, абыройға бөленген бірқатар әлеуметтік сала қызметкерлері де назардан тыс қалмады.

А.ТАУМҰРЫНОВА.

Сурет автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521