Мемлекет басшысы өңірлерді дамыту мәселесін ең алдыңғы міндет етіп қойғаны белгілі. Осы орайда ауылдарда техникамен атқарылатын жұмыстар көлемінің ұлғаюына байланысты оларды қажетті техникалармен, агрегаттармен қамтамасыз етуге мол мүмкіндіктер жасалуда. Соның бірі ауданымызда жүзеге асып, аудан әкімдігінің сұранысы бойынша облыс әкімі Серік Шапкеновтың қолдауымен жергілікті атқарушы органдардың қызметін одан әрі жетілдіру, аудандағы атқарылатын жұмыс көлемін оңтайландыру мақсатында шаруашылық көліктері алынды.
Мақат кенті әкімдігінің автотұрағында өткен салтанатты шарада аудан әкімі Ринат Ибрагимов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа техникалардың иелеріне көліктердің кілттерін табыс етті.
«Ауданның санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен қажетті қаражат сұратылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы бес арнайы техника пайдалануға беріліп отыр. Бұл техникалардың көмегімен аудандағы коммуналдық мәселелердің бірі – тазалықты жолға қоятынымызға сенімдіміз. Енді жұмыс жеңілдейді. Тек оларды күтіп ұстау сұралады», - деді аудан әкімі Р.Ибрагимов.
Атап айтсақ, екі дана лас суды соратын (вакуум), экскаватор, тиегіш (погрузчик), жол тазалайтын және қатты қоқыс таситын арнайы техникалар халық игілігі үшін берілді. Оның бір вакуум көлігі Доссор кенті әкімдігі аппараты игілігіне берілсе, қалған төрт техника Мақат кенті әкімдігі аппаратына тапсырылды.
Салтанатты шара барысында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов су жаңа көліктер аудан халқының игілігіне ұзағынан қызмет етсін деп тілек білдірді.
М.Ізтұрғанова
Суреттер автордікі