Доссор кентіндегі М.Өтемісұлы көшесінде орналасқан бұрынғы почта бөлімшесінің ғимараты жиырма жылдан бері иесіз тұру салдарынан сәулеттік келбеті әбден тозған. Кенттің келбетін бұзып, сәнін кетіріп-ақ тұрған бұл нысанды сүру туралы тұрғандар да біраздан бері айтып келеді.
1978 жылы салынған «ҚазПошта» АҚ ғимараты 69 бөлме, 3 қатардан тұратын оның жер көлемі 0,0825 гектарды құрайды. Апатты жағдайдағы ғимаратты аукцион арқылы сатылатыны туралы 2018 жылдың 29 мамырында хабарланған болатын. Алғашында кепілдік жарна төлеген қатысушының қалған сумманы бөліп төлеуге келісім сұраған өтінішінен бас тартылды. Сол жылдың қыркүйек айында қатысушы болмауына байланысты аукцион өткізілмеді.
2019 жылдың наурыз айында голланд тәсілімен өтетін аукциондағы төменгі баға 6 643 000 теңге болатындығы жоспарланғанымен, сәуір, мамыр айларында қатысушы шықпауына байланысты аукцион тағы да өтпей қалады.
2019 жылдың маусым айында ғана Доссор кентінің тұрғыны А.Исмағамбетовтен түскен өтініш бойынша «ҚазПошта» АҚ ғимараты 6 643 000 теңгеге сатылды. Ол араға көп уақыт салмай өз меншігінің ішіне тазалық жұмыстарын жүргізу, терезелерді таспен қалау және көше жақ бетін жауып қою бойынша жоспарын ұсынған еді. Алайда көзделген жоспар ішінара орындалып, ауылдың көркі кіре түскен жоқ. Сондықтан 2021-2022 жылдары Доссор кенті әкімі аппараты тарапынан кент келбетіне кері әсер етуімен қатар қауіпсіздік шараларын алу мақсатында ғимаратты сүру жөнінде ескерту берілді.
Енді міне, көптің қалауы орындалып кәсіпкер тарапынан «ҚазПошта» АҚ мекемесінің бұрынғы орнын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Доссор кенті әкімі аппаратының мамандарының айтуынша, басқа да ескі ғимарат иелеріне тұрақты түрде ескертулер жіберілуде.
А.Есжан